Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мазасызданып, ауырып жүрдім": Түркістан облысының тұрғыны 40-тан асқан шағында есімін өзгерткен

Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының тұрғыны Нұриддин Құрал 40-тан асқан шағында азан шақырып, ата-анасы қойған атын өзгертуге бел буған. Оның аты Нұржан болған екен, бертінде есімін Нұриддин деп өзгертіпті. Оған итермелеген өміріндегі кейбір келеңсіз жәйттердің көбеюі екен. Бұл туралы жергілікті Замана басылымы жазды. 

"Мен Қазығұрт ауданының Сабыр Рақымов ауыл округіне қарасты Көкібел ауылында туып-өскенмін. Отбасында екі ұл, үш қыз өстік. Ағам Нұрланның атбайлары болсын деп менің есімімді Нұржан қойыпты. Төрт-бес жасар кезімде болар, ойнап жүргенде өз-өзімнен «Нұржан деген ат маған қазір бола береді, ал үлкейгенде жараспайды ғой» деп ойлайтынмын, үлкейгенде не болады деп кәдімгідей қинала ойлаушы едім. Өйткені «жан» деген қосымша жалғау балаға қарай еркелетіп айтылады ғой, маған ол үлкендерге мүлде жараспайтын сияқты болып көрінетін", - дейді Нұриддин.

Есейе келе бұл жайт есінен шығып, ұмытып кеткен. Дегенмен жасы 30-дан асқанда өзгелердің өзін Нұржан деп атауы тағы да «құлынтай» деп еркелеткен сияқты естіліп, ыңғайсыз әсер ете бастады. 

Ақыры азамат атын өзгертуге бел буады. 

"Осының бәрін ойлаймын, ішімнен өзімді-өзім жеп, тіпті мазасызданамын. Мұндайға көңіл бөлмесе аса әсері болмайтын да шығар, ал менің ойымнан ол мүлде шықпайтын болды. Содан біртүрлі, мазасызданып, ауырып жүрдім. Пайғамбарымызға 40 жасынан Құран аяттары түсе бастаған, сондықтан 40-ты «Пайғамбар жасы» деп те жатады ғой. Мен жасым 40-қа толғасын қайтадан ауырдым, оның соңы Шымкенттегі жүйке аурулары ауруханасына түсуіме апарып соқты. «Шизофренияның өткір түрі» деген диагноз қойылды. Есім орнында, 100 пайыз ақыл-есім бүтін, бірақ жиі еліріп, өзімді соншалықты мықты сезініп кететінмін. Ақша жетеді, не істеймін десем де істеймін, тіпті шектен шығып кеткен едім", - дейді Нұриддин.



Сөйтіп атын өзгерту туралы ой келе берген, алайда оның түпкі себебін өзі де білмей, түсінбепті.

"Бірақ солай болуы тиіс сияқты, оны іштей, түйсігіммен сеземін. Кейін жұма намазына барып тұратын болдым. Бірде ұстаздан: «Алланың 99 есімі бар, солардың бірнешеуін адамға жеке дара қоюға болмайды, олай етсе адамға ауыр тиеді», – дегенді естідім. «Нұр» деген Алланың бір есімі, ал «жан» деген бізде еркелетіп айтылатын сөз, ол түсіп қалғанда «Нұр» деген қалып кетеді ғой. Өзімді Құдайдай сезініп, айтқаным бола беріп, дандайсып кеткенмін-ау деген ой келді", - деп бөліседі азамат бастан өткен хикаяларымен. Содан мешіт имамдары оның ниеті түзу, атын өзгертудегі мақсатын естігенде, ақылдаса келе өзінің есіміне ұқсас Нұриддин деген есімді ұсыныпты.

"Содан ағайын-туыс, жора-жолдастарға мені енді Нұриддин деп атаңдар десем, ешқайсысы көнбейді. «Айналайындар, мен қатты ауырдым. Есімімді өзгерту керегі айтылды. Мені енді Нұриддин деп атаңдар, сонда маған жақсы болады», – десем, бұған олар бас ауыртпайды, «Үйреніп қалғанбыз, Нұржан деп атай береміз», – дейді", - деп бөлісті ол.

Кейін танысқан орталарында өзі Нұриддин деп таныстырғандықтан, ол ортада қалаған атымен атағасын, өзін жақсы сезіне бастаған. 

"Кейін бәрі мені Нұриддин аға деп кетті. Сөйтіп мені жаңа атыммен атайтын адамдардың салмағы арта бастады. Бұл маған өте жайлы, аса жағымды әсер етті, жаным рахаттанып, сауыға бастадым", - деген азамат қазір есімі реттеліп, өмірі де ретке келіп жатқанын, бәрі қалыпқа келгенін айтады.

Ал басынан өткен оқиғаны көпшілікке айта жүруді өзінің міндеті санайды. Көпшілік бас қосқан жерлерде реті келсе, айтып жүреді.

"Нұржан деген атты есейе келе өзгертпесе адам еркелеп жүре береді, еркелеп, дандайсып кетеді, шектен шығып кетуі де мүмкін", – деймін. Ерке адам өзіне жауапкершілік ала бермейді ғой. Ауылда Нұржан есімді тағы да екі-үш ағаларымыз бар, жастары 80-нен асса да ширақ, жеңіл әзіл айтып жүреді, ақсақалдық міндеттерін атқару әзірге ойларына келмейтін сияқты. Бірде сөзден сөз шығып, бір жігітке: "Нұржан дегендер осындай болады, есейе келе атын өзгертпесе еркелеп жүре береді, кейде шектен шығып кетуі мүмкін", – деп едім, ол бұған сенбей, бос сөзге шығарды", - дейді ол.

Нұриддиннің айтуынша, оның Сабыр деген ұлы бар, мінезі өркөкіректеу. Мұның да себебі «Сабыр» деген де Алланың бір есімі болғандықтан, баласы үшін ауыр тиюінде деп топшылайды әкесі. 

"Мұндай атты жеке қою ауырлық ететінін ойлап, атын Әбдусабыр деп немесе Сабырхан, Сабырбек дегендей өзгерту ойыма келеді.
Жалпы, мен өзім еліміздегі діни орталық адамдары Алланың қай есімін адамға жеке қоюға болмайтыны жөнінде пәтуа берсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. Маған бәрін болмаса да біразын жеке қоюға болмайды деп түсіндірген, ондай есімдерге жалғау болуы керегін айтқан. Мысалы, Рахманды Әбдірахман деген сияқты", - деп бұйымтайын жеткізді Нұриддин. Сонымен қатар, үлкендерге "жараспайтын", өміріне қиындық әкелетін есмідердің ішінде, оның айтуынша, Нұрлан деген есім де бар екен. Өзінің Нұрлан есімді туған ағасы бар екен. Бірақ ол кісі өміріндегі қиындықтарға қарамастан әлі есімін өзгертуге дайын емес көрінеді. 

 

Талқылау