Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудың бұрынғы әкімі ұсталды

Атырау қаласында әкім болған Қайрат Оразбаевты облыстық прокуратура қала аумағында жер учаскелерін заңсыз бөлу фактісі бойынша ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дәл қазір бұрынғы шенеунік уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Облыстық прокуратура қала аумағындағы жер учаскелерін заңсыз бөлу дерегі бойынша қала әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. 9 қарашада аталған іс бойынша қала әкімінің бұрынғы әкімі Қайрат Оразабев ұсталды. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – дейді облыстық прокуратураның ресми өкілі Қанат Қабдолов.

Қайрат Оразбаев 2020-2022 жылдары мұнайлы астананы басқарды. Ол Қаңтар оқиғасының алғашқы ауыр күндерінде жұмыс орнында болмаған. 30 желтоқсаннан бері "денсаулығына байланысты" демалыста болған деп хабарланды. Кейін экс-әкім елдегі соңғы жағдайларға байланысты отставка туралы өтінішті өзі бергенін және оның өтінішін қанағаттандырғанын айтқан еді.  Бұған жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде өз қарсылықтарын білдіріп, әкімді қайтаруға үндеу жасаған. 

Бұдан соң Қайрат Оразбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жұмысы кезінде мүмкін емес жұмыстар атқарылды деп жазба қалдырған. 

“Осы екі жыл ішінде қала бюджеті өте төмен болып, жұмысты жолға қоюға айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте, осыған дейін жасалған құрылыс нысандары және инфрақұрылым сапасы шынайы сын көтермеді. Осыған орай, қалалық әкімдіктің ұжымы жоғары деңгейде қызмет етті. Кейде мүмкін емес жұмыстарды да атқарды" – деген жауап жазды сол кезде экс-әкім өзінің әлеуметтік парақшасында.

Талқылау