Атыраудағы зауыт жұмысының кілт тоқтауына электр желісінің ажырауы себеп болған - Энергетика министрлігі
Энергетика министрлігі Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының апатты жағдайда жұмысын кілт тоқтатуына нақты не себеп болғанын айтты. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, “Каспий Құбыр Консорциумы” АҚ балансындағы электр беру желілері ажыратылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрік хабарламасына сәйкес, 2022 жылы 27 шілдеде сағат 18:08-де Атырау облысында қолайсыз ауа райы (жаңбыр, найзағай, дауыл жел) салдарынан "Құрманғазы" мұнай айдау станциясын қамсыздандыратын аспандағы 220 кВ-тық екі электр беру желісі бір мезгілде ажыратылған ("Қазақстанның Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ-ның балансындағы).
“Құлаған электр тасымалдау желісі бағандары табылды. Бұл жайт "Қазақстанның Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ-ны 16 МВт-тық энергиямен жабдықтауда белгілі бір шектеулерге ұрындырды. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытында қоректендіру желілерінің іске қосқыш тетіктері ажыратылған. "Karabatan Utility Solution" электр станциясының энергия жүйесімен байланыс желілері ажыратылды, салдарынан электр станциясы генерацияны нөлге дейін төмендетуге мәжбүр болды” – деді Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің өкілдері
Қазіргі уақытта технологиялық бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілдері жұмыстың шұғыл тоқтатылғанын мәлімдеген еді.