Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы балабақшада жарғанаттар табылды

Атырауда №48 "Родничок" мектепке дейінгі мекемесінен жарғанаттар шыққан. Мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары дабыл қағып, шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Caspian news сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Атыраудағы балабақшаның директоры Лира Досалиева ғимарат өте ескі екенін, 40 жылға жуық уақыт жөндеу жүргізілмегенін айтты.

“Ата-аналардың шағымынан кейін қалалық білім бөліміне хат жолдадық. Дезинфекцияны конкурсты жеңген жеке компания жүргізеді. Өткен демалыс күндері олар жарғанаттар табылған жертөледе залалсыздандыру жүргізді. Содан кейін басқа бөлмелер өңделді. Дүйсенбі күні балабақша жабылды, біздің қызметкерлер бөлмелерді тазалады. Біз міндетті түрде дезинфекцияны күшейтеміз", – деді Лира Досалиева.

Териолог Федор Сараев Атырау облысында жарғанаттың екі түрі мекендейтінін айтады. Біріншісі – көшпелі жарғанаттар, екіншісі – бір орында мекендейтін жарғанат. Дегенмен жарғанаттар ауылшаруашылыққа зиян келтіретін жәндіктер, зиянкестермен күреседі.

“Олар көбіне адамдар қорқытқасын жаңа жер іздей бастайды. Өз еркімен далаға ұшпайды. Бізде жарғанаттар тобыры жоқ, сондықтан адамдар бірнешеуін кезіктіруі мүмкін. Егер адамдар қысқы ұйқыға кететін жарғанаттарды кездестірсе, оларға қол тигізбеу керек. Егер сіз олардан құтылғыңыз келсе, онда қыстың алдында жарықтар мен шатырларды мұқият жабыңыз”, – деді Федор Сараев.

Атырау тұрғындары, әдетте, бұл құстан қорықпайды. 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушысы Әбілсейіт Жалғасов терезеден жарғанат кіріп кетті деген шағыммен тұрғындар жиі хабарласатынын айтады. 

"Мұндай жағдайларда біз келіп, оларды абайлап ұстап алып, далаға жібереміз. Өйткені олардан ешқандай зиян жоқ", – деп атап өтті маман.

Құтқарушылардың айтуынша, былтыр осындай мәселемен Атырау қаласының 20 тұрғыны жүгінген.

Талқылау