Атырауда зорлық-зомбылық жасады деп айып тағылған депутатты сот ақтап алды
Фото: Видеодан скрин
Атырау қаласының №2 соты мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсенбаевқа қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2024 жылы 7 қарашада болған. Тергеу деректері бойынша, айыпталушы "жәбірленушіні сол жақ кеуде тұсынан денесінің оң жағына қарай итеріп жіберген". Осылайша белсендінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Іс Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлік 5-тармағы (Бұзақылық ниетпен ұрып-соғу) бойынша қозғалды.
Сот отырысында прокурор айыпталушыны айыппұл түрінде жазалауды сұрады. Алайда сотталушының өзі кінәсіз екенін айтып, соттантолық ақтауды сұрады.
Сот барысында тағылған айып расталмады. Сот мәліметінше, жанжалдың бастамашысы жәбірленуші. Ол өзін қорғап, кетіп қалмақ болған депутаттың кеңседен шығуына кедергі жасап, итеріп жіберген.
"Сотталушы жәбірленушіге қатысты ешқандай зорлық-зомбылық әрекеттерін жасамаған. Оның әрекеті тек үй-жайдан тезірек шығып кетуге бағытталған", – делінген сот хабарламасында.
Сот анықталған мән-жайларға сүйеніп, ер адамның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ деген қорытындыға келді. Сот үкімімен ол толығымен ақталды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, депутат Сырымбек Сәрсенбаев пен қоғам белсендісі Сандуғаш Күкенова арасындағы жанжал әлеуметтік желіде басталған. Сәрсенбаев Facebook парақшасында әріптестерінің бірін көктемгі су тасқыны кезінде Құлсарыны құтқаруға көмектескені үшін батыр деп атаған. Дегенмен, оның пікірін қолданушылар сынға алған. Оның ішінде Сандуғаш Күкенова да бар. Жазбасы қолданушылар арасында талқылауға ұшыраған соң, Сәрсенбаев теріс пікір қалдырған қолданушыларды бұғаттаған.
Кейін қоғамдық қор басшысы депутатты Amanat партиясының облыстық филиалында туындаған келіспеушіліктерді талқылау үшін кездесуге шақырған. Алайда, куәгерлердің айтуынша, Сәрсенбаев белсендінің сұрақтарына жауап бермей, үйден шығып кетуге әрекеттенген. Күкенова оны тоқтатпақ болған кезде депутаттың төсбелгісі түсіп қалған. Депутат мұны физикалық зорлық деп түсініп, полицияға арызданған.
Нәтижесінде сот белсендіні кінәлі деп тауып, оған 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салған. Осыдан кейін Сандуғаш Күкенова депутаттың әрекетінен зардап шеккенін айтып, қарсы шағым түсірген. Оның айтуынша, оқиға кезінде Сәрсенбаев оны итеріп жіберген.

"Дәрігерлер ертерек бала туып ал деді": 24 жасында ерте климаксқа ұшырап, денсаулығы сыр берген ару қыз-келіншектерге жолдау жасады
