Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда тұрғын үйдегі жарылыстан кейін ер адам қаза тауып, екі бала жансақтау бөліміне түсті

Атырауда тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шыққан еді. Салдарынан ер адамның денесін түгелдей дерлік күйік шалып, қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana.tv бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдай кезінде бір отбасындағы бес адам зардап шекті. Салдарынан 58 жастағы ер адамның денесінің 95%-ын күйік шалып, қайтыс болды. Оның үш жастағы және үш айлық немерелері жансақтау бөліміне жеткізілді. Екі әйелдің өмірі әлі де қыл үстінде. 

“Қазір екі ересек адам жансақтау бөлімінде жатыр. 1970 жылы туған әйелдің денесінің 95%-ын, 2002 жылы туған қыз баланың денесінің 60%-ын күйік шалған. Олардың жағдайы өте ауыр. Науқастар әзірге жансақтау бөлімінде қалады”, – дейді анестезиолог-реаниматолог Біржан Бақтыгерей.

Құтқарушылардың айтуынша, өрттің шығуына газ-ауа қоспасының дүмпуі себеп болған.

“Өрт салдарынан үйдің қабырғалары опырылған. Айта кетейік, 2023 жылы 7 қазанда төтенше жағдайлар қызметкерлері осы үйдің тұрғындарына қауіпсіздік шараларын сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген”, – дейді Атырау қалалық ТЖБ-ның басшысы Ғабит Бабаев.

Облыстың төтенше жағдайлар қызметі өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Қазір "Адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша тергеу басталды. Кінәлілер анықталған жағдайда жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Бұған дейін Атырауда газ жарылып, 5 адамның зардап шеккені туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау