Атырауда пара алды, алаяқтық жасады деген шенеунік жазадан құтылып кетті
Атырауда пара алды, алаяқтық жасады деген шенеунік жазадан босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Осыдан 20 күн бұрын Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла әр шетелдік жұмысшыдан 500 мың теңге алды деп айып тағылған еді. Онлайн форматта қысқартылған тәртіпте өткен сот процесіне басшының лауазымын теріс пайдалануына қатысты іс қана қаралды.
Жәбірленушілер айыпталушы Серік Қамидоллаға талаптарының жоқтығын айтты. Ал прокурор қызметін теріс пайдаланғаны үшін 2 миллионнан астам айыппұл салып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салу жазасын ұсынды.
- Алматыда жүздеген театр әртісі "басшымыздың соңынан жұмыстан кетеміз" деп шу шығарды
- Депутаттың көмекшісінің үстінен 15 жастағы жиенімен жыныстық қатынасқа түскені үшін іс қозғалды
Серік Қамидолла өз кінәсін мойындады. Ал айыпталушының адвокаты ол бұл көмекті өзі үшін емес, мұқтаждар үшін алды деп істі соттан қысқартуды сұрады. Сот шенеуніктің шынайы өкінгенін, адал қызмет атқарғанын ескеріп қылмыстық істі қысқартты.
"Қызметін адал атқарып келгенін, көптеген мұқтаж адамдарға көмектескенін, әлі де оларға дайын екенін көрсетіп, өзінің шынайы әрекетіне өкініп тұрғанын байқатты. Осыны негізге алып сот ҚК 65 бабының бірінші бөлігінде көрсетілгендей сыбайлас жемқорлықты бірінші рет жасаған тұлға. Егер шынайы өкінетін болса, сот оны басшылыққа алып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды", - деді №2 Атырау қалалық сотының судьясы Зәуре Қазақбай.
Еске салайық, басқарма басшысына араша түсуге қала тұрғындарынан бөлек аудандардан балдаққа сүйенген қарт, арбаға таңылған бала мен ана да келіп, сот алдында шу шығарған еді.