Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында жалақылары 50%-ға қысқарған ұстаздар наразылықтарын білдірді

Атырау облысындағы Дамбы ауылында Өнер мектебінің ұстаздары басшылықтың жалақыларын 50%-ға қысқартып тастағандарына наразылықтарын білдірді. Мұғалімдер тіпті сауықтыру үшін төленетін жәрдемақыдан қағылғандарын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Ұстаздардың айтуынша, олар жыл бойы 30 сағатпен жұмыс істесе де, мектеп басшылығы сауықтыру жәрдемақысын тек 18 сағатпен есептеп берген. Оған қоса тамыз айының жалақыларын 50%-ға қысқартқан. Қалалық білім басқармасындағылар мұғалімдердің жан айқайын білсе де еш әрекет жасамай отыр екен.

“Жүздің айналасында ақшам жетпейді. Жеті балам бар, оның екеуі студент. Студент балаларым ақылы түрде оқиды. Жұбайымның жұмымсы бірде бар, бірде жоқ. Менің жалақым тек тамаққа ғана кетеді”,- деді Өнер мектебінің ұстазы Салтанат Қаршыгерова.

Бұған дейін Өнер мектебіндегі 111 мұғалім көршілес 4 ауылда бөлініп қызмет еткен. Ал 2020 жылы бір мекемеге басымызды біріктірген соң, жұмыс істеу тіпті қиынға соқты дейді. Айтуларынша, 14 бағыт бойынша қосымша сабақ өткізетін мектепке қажетті керек-жараққа да мұғалімдер өз қалталарынан ақша жұмсайды. Дәстүрлі аспаптар ішегінен басқа ауыз су, еден жуатын шүберек пен химиялық сұйықтықтарды да өзіміз сатып алуға мәжбүрміз дейді.



“Мұғалімдердің арасында жалғызбасты аналар, несиелері бар жандар бар. Біз тек өзіміздің еңбекақымызды сұрап отырмыз ғой. Неге сауықтыру жәрдемақысы дұрыс төленбейді?”- деді Өнер мектебінің тағы бір ұстазы Салтанат Ибраева.

Ұстаздар ұжымдық шартта жазылғандай, қоса атқарған жұмысқа ақша төленуі керек деп отыр. Оларға тек қана 18 сағатқа ғана төленген. Мұғалімдер 5 маусым күні  Еңбек инспекциясына барып, арыз жазған. Алайда екі ай өтсе де олардан жауап ала алмаған. Қызметкерлер енді мәселені шешіп, сауықтыру мен тамыз айына берілетін жалақыны заң жүзінде өндіріп беруін талап етуде.

Атырау қалалық білім бөлімінің өкілі ұстаздарға ешқандай қосымша қаржы берілмейтінін айтты. Сөзінше, министрлік бекіткен арнайы тарифке сай, төлем тек еңбек еткен сағаттарға ғана төленеді. Яғни әр мұғалім еңбек шартында көрсетілген сағаттарына ғана ақы алады.

“Қызметкерлермен жиналыс өткізіп, түсіндірдік. Заң жүзінде берілген ақыдан басқа ешқандай ақша берілмейді. Ал олардың өзге қажетті тауарларға қалталарынан ақша жұмсайтыны туралы мәселені тікелей мектеп басшысы шешу қажет. Мемлекеттік мекеме болса да, оған біз жауапты емеспіз”,- деді Атырау қалалық білім бөлімінің экономисі Айгүл Габдрахманова.

Табыстары қысқарған жүздеген мұғалім мәселені жылы жауып қоймай, соңына дейін жеткізетіндерін айтты.

Талқылау