Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында құжынаған құрт тұрғындардың егіні мен бау-бақшасын жеп жатыр

Атырау облысының тұрғындары бау-бақша мен көкті жеп жатқан шалғын құрттардың көбейгенін айтып биліктен көмек сұрауда. Құжынаған құрттың көбейгені сонша, ауыл үйлерінің қабырғаларына дейін қаптап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығына жауаптылар бұл зиянкестерді жоюға қаражаттың қарастырылмағанын айтады. Алайда жағдай бұлай ушыға берсе, төтенше жағдай жарияланатынын жеткізді. Тұрғындар болса өз күштерімен қанша уласа да, құрттардың одан сайын көбеймесе, азаймағанын айтады. Басында бір ғана егістікте пайда болған зиянкес қазір облыстың барлық аумағына тарап, көбейген. Тіпті ауылдағы үйлердің қаббырғаларына жиналып, есік-терезеден ішке кіре бастаған.

“Бұлар күннен күнге көбейіп жатыр. Басында аз шығар деп байқамайтынбыз. Қазір кез-келген үйдің қабырғасын осы құрттар басып алған”,- деді Сарайшық ауылының тұрғыны Ғалымбек Жексенов.



Мамандардың айтуынша, бұл құрттар зиянкестердің ішіндегі ең қауіптісі. Олар тез балалап, тез тарайды екен. Алайда олардың адам мен малға зияны жоқ, тек шөппен қоректенеді. Өңірде ылғалдың көп болғанына байланыста мамандар бұл құрттардың әлі де көбейетінін болжап отыр. 

Ал шенеуніктер осыған байланысты қаражат бөлінбесе де Оралдан қажетті дәрі-дәрмек пен техниканы алдырғандарын айтты. 

“Қаржылай, материалды, техникалық жағын ұйымдастырып жатырмыз. Қазір Индер, Махамбет ауданындарында жұмыстар басталды. Және Кеңөзек, Қайыршақты округтеріндегі егіншілердің мәселесі бірінші орында тұр. Соларды аман алып қалып, қорғауымыз керек.  Одан басқасы жайылым, шабындық жерлер тиісті мекемелермен зерттеу жүргізіп, нақты көлемі анықталуда”, –  деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.

Әкімдік жағдай одан әрі өршитін болса төтенше жағдай жарияланатынын айтты.

 

Талқылау