Атырау облысында 2 жұмысшы кәріз құдығына құлап, көз жұмды
Атырау облысында кәріз құдығына құлаған 2 жұмысшы көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін Жылыой ауданында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде "Жылыой Су" мекемесінің 2 жұмысшысы кәріз құдығында қаза тапты. Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы осы жағдайды тексеру бойынша арнайы комиссия құрды, - деп хабарлады коммуналдық мекемеден.
Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нариман Өтешовтің айтуынша, жұмысшылардың құдыққа құлағаны туралы хабар 9:42-де түскен. Хабарды Жаңа Қаратон кентінің тұрғындары берген.
Кәріз құдығының тереңдігі - шамамен 7-8 метр. Екі жұмысшы жөндеу жүргізу кезінде құдыққа құлап кеткен. Жөндеу жұмысына негізінен 5 адамнан тұратын бригада тартылған.
"Жылыой Су" мекемесі қаза тапқан жұмысшылардың отбасына материалдық көмек көрсетеді.