Атырау мұнай өңдеу зауыты қытайлық компанияға сатылмақ: ҚазМұнайГаз жауап берді
ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы 50% үлесін Sinopec компаниясына сатылады деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: anpz.kz
Компанияның мәліметінше, 12 маусым күні қытайлық Sinopec компаниясының мамандар делегациясы Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен келген.
“Sinopec компаниясының мамандар делегациясы Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен келіп, зауыттың операциялық тиімділігін арттыру мәселелері бойынша тәжірибе мен ұсыныстар алмасты. Бұдан бұрын Sinopec компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытының ароматикалық көмірсутек өндіретін кешенді және мұнайды терең өңдеу кешенін жүзеге асыруға қатысқан болатын”, – делінген хабарламада.
Жұмыстан шығарылған Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры сот арқылы қызметіне қайта орналасты
Компания Атырау мұнай өңдеу зауытының 50% үлесі Sinopec компаниясына сатылатыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
“ҚМГ Sinopec компаниясының тарапынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қатысу үлесін сату және оның құны бойынша қандай да бір ұсыныс келіп түскенін немесе алғанын растамайды”, – делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін ҚазМұнайГаз компаниясының Қаламқас-Теңіз, Хазар, Әуезов кен орындарының 50% үлесін ресейлік "Лукойлға" сатып жібергені туралы жазған едік.