Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚазМұнайГаз" ресейлік "Лукойлға" Қаламқас-Теңіз, Хазар, Әуезов кен орындарының 50% үлесін сатып жіберген

Былтыр "ҚазМұнайГаздан" Kalamkas Khazar Operating компаниясының жарты үлесін сатып алған ресейлік "Лукойл" ЖАҚ оған 200 млн доллар төлеген. Мұндай дерек “ҚазМұнайГаздың” қаржы есебінде жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Интерфакс” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

 

лукойл

Фото: lukoil.ru

“Ұлттық компания мен "Лукойл" ЖАҚ сату-сатып алу туралы келісімшартқа 2023 жылғы 9 ақпанда қол қойған. Қос тарап "Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов" жер қойнауындағы учаскені игеру жобасы бойынша келісімге келген. Тараптар үлескерлер келісіміне, Kalamkas-Khazar Operating ЖШС жарғылық капиталындағы 50% үлесті сатып алу-сату шартына және үлескерлердің оператор қызметін қаржыландыру шарттарын келісті”, – делінген ҚМГ матералдарында. 

Деректер бойынша, 2023 жылғы 21 қыркүйекте "Лукойл" АҚ 200 миллион доллар көлемінде ақшалай өтемақы төлеген (төлем күнінде 94,644 миллион теңгеге тең).

Қазір компания Каспий теңізі қайраңындағы "Қаламқас-Теңіз", "Хазар" және "Әуезов" кен орындарында мұнай өндіру құқығына ие. Ал ҚМГ бұрынғы еншілес кәсіпорнына 93,2 млрд теңге (шамамен 200 млн доллар) инвестиция салған.

Kalamkas-Khazar Operating былтыр қыркүйек айында қайта тіркеуден өтіп, ҚМГ-ның меншігінен толық шықты.

Сондай-ақ жобаның белгілі бір шарттары орындалса (олар жария етілмеген) 100 миллион доллар көлемінде қосымша бонус төленбек.

Санкция мен шектеудің астында қалған ресейліктер ынтымақтастықты әлі де шектемеген елдердің компанияларындағы өз үлесін арттыруға мүдделі.  "Лукойл" компаниясының қазақстандық "Жеңіс" және "Әл-Фараби" геологиялық барлау жобаларында бірлескен кәсіпорны, "Теңізде" – 5% және "Қарашығанақта" 13,5% үлесі бар.

"Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов" кен орындары Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан. Жағаға дейінгі қашықтығы – 60 км, тереңдігі – 7-9 метр. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 3-4 млн тонна болады деген болжам бар. Кен орындарын игеру құны – шамамен 5 миллиард доллар.

"Қаламқас-теңіз" кен орны 2002 жылы ашылған, ол Қашағаннан оңтүстік-батысқа қарай 120 шақырым жерде және "Хазар" кен орнына өте жақын орналасқан. "Қаламқас-теңіз" бен "Хазардың" жалпы қоры 67 миллион тонна мұнай мен 9 миллиард текше метр газға бағаланады. 

Бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атырау мен Павлодардағы екі қазақстандық мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру жөніндегі ақпаратты жоққа шығарған еді. 

Үкімет кулуарында журналистер министрдің назарын мұнай өңдеу зауыттарын ресейлік "Лукойл" және "Газпром" компанияларына сату туралы ақпаратқа аударды.

"Нақты сатып алушыларға келер болсақ, энергетика министрлігіне ешкім мұндай мәмілелерді келісуге келген жоқ. Сондықтан мен "ҚазМұнайГаз" пікірімен келісемін, қандай да бір коммерциялық мәмілелер туралы айтуға ерте. Жалпы, өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда "ҚазМұнайГаз" және CNPC (Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы) компанияларына 50 де 50 тиесілі мұнай өңдеу зауыты бар", – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Талқылау