Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атақтарым өзімде қалды": Әли Оқапов заңға бағынып, марапаттарын қайтармағанын айтты

Белгілі әнші, композитор Әли Оқапов атақ аламын деп басы дауға қалған еді. Өнер иесі қазіргі жағдайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Таңшолпан” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/aliokapov/

Өнер иесі “Құрмет” орденінің иегері атанып, кейін өнердегі барлық марапатынан бас тартқан еді. 

“Былтыр орден алғаным үлкен дауға ұласқанын білесіздер. Негізі сондай марапатқа лайық болғаныма қатты қуанғанмын. Еңбектің бағаланғаны дұрыс. Дегенмен әлеуметтік желіде үлкен айқай-шуға айналды. Сол кезде өзімді қатты ыңғайсыз сезіндім. Анам ес білгелі “халықтан үлкен емессің, бірінші орында халық” деп санамызға құйып өсірді. Өнер адамы болғасын халықпен тікелей жұмыс істейсің. Қазақстандықтардың пікіріне бағынып, марапаттан бас тарту туралы шешім қабылдадым. Бірақ заң бойынша әртіс мемлекеттік сыйлықтан бас тарта алмайды екен. Егер бас тартса, марапат иесінің жағымсыз әрекеті үшін қайтарылды деп айтылады екен. Сондықтан мен заңға бағындым. Маған сенім артып, өнеріме жанашыр болып жатқан тыңдарман қауымды құрметтеймін. Қазір барлық атақ-марапатым өзімде қалды”, – дейді әнші. 



Сонымен қатар өнер иесі осы күнге дейін алған статуэтка мен марапаттарын жинап, тиісті бағдарлама өкілдерінен алып кетуді өтінген еді.

“Сол күні барлық марапатымды қайтарып беру туралы шешімге келдім. Бірақ олар әлі күнге дейін үйімде жатыр. Өйткені бағдарламаның дені жабылып қалған. Қайтарып беретін өкілдері түрлі салаға кетіп қалған. Мен негізі алып кетіңіздерші деп ұсындым. Бірақ оны ешкім алғысы келмеді. Бұл өмір ғой, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес және ол керек те емес", – дейді сазгер.

Еске салайық, қоғам белсендісі Тәңірберген Бердіоңғаров “Құрмет” орденін кім көрінгенге таратып жатыр деп билікті айыптағанын жазған едік. 

Талқылау