Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ата-анасы вакцина алмаса оқушы мектепке бара ала ма: Аймағамбетов жауап берді

Оқушының ата-анасы коронавирусқа қарсы вакцина алмаса да, бала мектепке барып оқиды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аймағамбетов

"Біріншіден, баланы мектепке бару құқығынан айыра алмаймыз. Екіншіден, ата-анасы ауырмаса, ауырған адаммен байланыста болмаса, бала неге мектепке бармасқа? Ата-аналардың статусын да қарап отырамыз. Егер мектепке келген баланың, университетке келген студенттің дене қызуы болса, ата-анасы ауырса, сол сыныптағы баланың індетті жұқтырғаны анықталса, ол бала 14 күн қашықтан оқу форматына ауыстырылады", – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол балалардың вакцина салдыру-салдырмауын білім және ғылым министрлігі шешпейтінін айтты.

"Бұл мәселені талқылап жатқан жоқпыз, өйткені ол біздің құзіретімізде емес. Біз білім және ғылым министрлігіміз. Сарапшылар, денсаулық сақтау министрлігі офлайн оқуға құқық беріп отыр. Министрліктің жұмысы – тиісті жағдайды ұйымдастыру", – дейді министр.

Сұхбатта Нартай Аралбайұлы: "Мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер мен техникалық қызметкерлердің вакцина құжатын сатып алмағанына министрлік кепілдік бере ала ма?" деген сұрақ қойды. 

"Оған кім қай жерде кепілдік береді? Бұл тек білім саласына ғана емес, барлық салаға қатысты мәселе. Біздің жүйеде 500 мың мұғалім бар. Сол 500 мың адамның барлығы вакцинаға қатысты дұрыс шешім қабылдағанына кепілдік бере аласыз ба? Бере алмайсыз. Бұл тұрғыда әріптестеріміздің санасына сенеміз, ұстаз болғаннан кейін мәселені түсінеді деп ойлаймын", – деп жауап берді министр.

Биыл 2021-2022 оқу жылында қазақстандық оқушылар дәстүрлі форматта білім алады. Мектепке педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіре алады.

Талқылау