Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адам өмірі бәрінен маңызды": Әшімбаев құтқарушылардың көлікті бұзып өтуіне рұқсат беруге қатысты пікір білдірді

өртФото: Видеодан скрин

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанада тұрғын үй кешенінде шыққан өрттен үш бала қаза тапқан қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер сенат төрағасынан өрт сөндірушілерге көліктерді бұзып өтуге рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет пе деп сұрады.

“Қайғылы жағдай болды. Балалар қаза тапты. Бұл, әрине, өте ауыр жағдай. Мұндай жаңалықтарды сабырмен оқу да, көру де мүмкін емес. Осындай кезде тиісті қызметтердің өз міндетін кедергісіз атқаруына мүмкіндік беретін тетіктер қажет. Әрине, мұнда белгілі бір нюанстар, бөтеннің мүлкі мәселесі бар. Бірақ адам өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан төтенше жағдайда арнайы қызметтер өз жұмысын еш кедергісіз атқаруы үшін нақты тетіктер болуы керек. Сондықтан бұл талқылауды қажет ететін мәселе”, – деді Әшімбаев.

Оның айтуынша, бұл мәселені тиісті мемлекеттік органдар жан-жақты қарастыруға тиіс.

“Ол қандай болады? Қай түрде жүзеге асады? Қандай деңгейге дейін рұқсат беріледі? Мұның бәрі нақты талқылануы керек. Заң өте нақты дүние, мұнда жалпылама айтуға болмайды. Сондықтан басқа азаматтардың мүлкіне қатысты қандай жағдайда не істеуге болатыны заңда анық әрі мұқият жазылуы қажет. Менің ойымша, бұл өте маңызды әрі байыпты қарауды талап етеді. Дегенмен мұнда белгілі бір өзгерістер қажет”, – деді ол.

Оған қоса сенат төрағасы заңға өзгерістерді дереу қабылдау керегін айтты. 

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты. 

Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2-3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған.

Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.

Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 12:39