Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлі күнге дейін сынға ұшырап жатқан Салық кодексін өзгерту керек пе: Сенат төрағасы жауап берді

салықФото: freepik.com

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Салық кодексіне өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр ма деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әшімбаевтың сөзінше, жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен бері түрлі пікір айтылып жатыр. Алайда үкіметтің мәліметіне қарағанда, бюджет кірісі өсіп келеді және республикалық қазынаны толықтыруда мәселе жоқ.

“Жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оған қатысты әртүрлі пікір бар. Үкімет пен жауапты органдар бюджет кірісінің артып жатқанын айтып отыр. Мен де кейбір нормаларға қатысты өз ұстанымымды ашық білдіргенмін”, – деді Әшімбаев.

Сенат спикері кодекстің тиімділігін үш айда бағалау ерте екенін айтты. Оның пікірінше, нақты қорытынды жасау үшін кемінде жарты жыл қажет.

“Біз бұл кодексті өзіміз қабылдап, дауыс бердік. Үш айдан кейін бірден сынау дұрыс емес. Кемінде алты ай өтіп, бизнеске қалай әсер еткенін көруіміз керек. Шағын, орта және микро бизнеске ықпалы, салық түсімдерінің динамикасы жан-жақты талдануға тиіс”, – деді ол.

Әшімбаевтың айтуынша, алдағы бірнеше айда кодекстің қолданылу тәжірибесі бақыланады. Жарты жылдық қорытындыдан кейін ғана өзгеріс енгізу мәселесі талқылануы мүмкін дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін үкімет салық кодексінің кейбір нормаларына өзгерістер енгізу қаралып жатқанын айтқан еді. Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе 60 мәселені қарап, ықтимал түзетулер тізімін жариялады.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 13:07