Қазақстандық оқушылар TikTok желісінде мұғалімдерді мазақ ететін видеолар жариялауда

Соңғы кезде желіде қазақстандық оқушылар мектеп мұғалімдерінің фотосуреттерін қорлайтын әуенмен салған жарияланымдар көбейген. Осы жағдайға байланысты мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақстандық педагогтарды оқушылар тарапынан жасалатын буллингке төзбеуге және полицияға жүгінуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай жағдай Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы 17-мектебінде де болған. Мектеп әкімшілігі кейін желіге мұғалімдерді қорлаған оқушылар мен ата-анасының кешірім сұраған сәтін жариялады.
“Қазір әлеуметтік желілерде, соның ішінде TikTok платформасында мұғалімдердің фотосын пайдалану арқылы фейк аккаунт ашылып, жағымсыз сипаттағы трендтердің таралуы байқалды. Осы жағдайға байланысты мектеп әкімшілігі тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары У.Ж.Жарасбаева аталған мәселені толық тексеріп, тиісті ақпаратты анықтады.
Тексеру нәтижелері белгілі болғаннан кейін сынып жетекші, пән мұғалімдері, мектеп психологы және мектеп инспекторының қатысуымен, сондай-ақ оқушылар мен ата-аналарды тарта отырып жиналыс ұйымдастырылды. Жиын барысында жағдай жан-жақты талқыланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушылар өз әрекеттерін толық мойындап, кешірім сұрау мақсатында бейнеүндеу жолдады”, – делінген мектеп хабарламасында.
ОқыңызАл депутат Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, мұндай жарияланымдар көбіне TikTok желісінде көбейген. Қазір оқушылар тарапынан жасалатын буллинг жағдайлары қолданыстағы заң нормаларымен реттелген. Сондықтан мұғалімдер құқық қорғау органдарына шағымдана алады. Ол полиция мұндай жағдайда кінәлілерді тез анықтай алатынын да атап өтті.
“Қазіргі технологиялар полицияға буллинг жасағандарды жедел анықтап, тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді. Көп азаматтар заң бұзған кезде цифрлық із қалмайды деп ойлап, қателеседі", – деді ол.
Депутат сондай-ақ балалары қорлайтын контент түсіретін ата-аналарға қатысты жауапкершілік тек әкімшілік деңгеймен шектелмей, кей жағдайда қылмыстық іс ретінде де қарастырылуы мүмкін екенін де алға тартты.