Астанада жол апаты нәтижесінде жедел жәрдем көлігі аударылды
Жеңіс және Бөгенбай батыр көшелері қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде жедел жәрдем көлігі аударылған.
“Оқиға орынына бірден үш жедел жәрдем көлігі жетті. Жедел жәрдем көлігі жеңіл көлікпен соқтығысқаннан кейін аударылды. Сосын адамдар көлікті жаппай көтеріп, тұрғызды. Ал жеңіл көлікте қауіпсіздік жастығы жұмыс істеген. Барлығы аман-сау сияқты”, – деп жазды Фейсбук парақшасында Жанболат Мамышев есімді тұрғын.
Алдын-ала деректер бойынша, жарық және дауыс сигналын қосқан жедел жәрдем жүргізушісі қиылысқа келіп, Ford көлігімен соқтығысқан. Бұл туралы қалалық ІІД хабарлады.
“Жол апатынан жүргізуші мен екі медициналық қызметкерлер әртүрлі дене жарақаттарын алған. Жедел жәрдем емделушінің шақыртуымен бара жатқан”, – делінген хабарламада.
Полицейлер жол-көлік оқиғасына байланысты бақылау камераларын қарап, жағдайды тексеру үстінде.
Бұл жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болып тұрған бірінші жол апаты емес. 2016 жылдың 21 маусымында Бөгенбай батыр көшесінде жедел жәрдем көлігі жол оқиғасына себепкер болған еді. Көлік бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамастан жүріп кеткен. Тиісінше осыған ұқсас жағдай Шымкент қаласында да болған.