Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"6250 теңге": Астанада жол апатына түскен депутат Яндекс такси берген өтемақы мөлшеріне шағымданды

Respublica партиясының депутаты Айтуар Қошмамбет жол апатына түсіп, жарақат алған. Алайда оны оқыс жағдай емес, Яндекс такси қызметінің жол апатынан кейінгі реакциясы қайран қалдырған. Депутат әлеуметтік желідегі парақшасында болған оқиғаға қатысты жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/koshmambetov

“Осыдан бір апта бұрын жолға шықпақ болып, такси қызметін пайдаланып, жол апатына түстім. Суреттегі қара автокөліктің артқы жағында отырған едім. Екі көліктің де қауіпсіздік жастықшалары іске қосылды. Өзім жарақат алып, жедел жәрдем шақырдым. Болған жағдайдан бұрын мені Yandex-тің реакциясы таңғалдырды. Маған қолдау қызметінен бір қыз хабарласып, сақтандыру ақшасын алу үшін қажет құжаттар тізімін айта бастады. Ең алдымен Мемлекеттік жолда жүру қәуіпсіздік инспекциясына хабарласуға кеңес берді”, – деп жазды Айтуар Қошмамбет.

Депутаттың қазіргі жағдайы жақсы. Жұмсақ тіндер мен тізесінен соққы алған. Айтуынша, жол апатынан 3-4 күндей ақсап жүрген. Қазір де ем алып жүрген көрінеді.

“Қазақстанда миллиондаған клиенті болғанына қарамастан, ең ірі такси қосымшасының call-орталығы Ресей Федерациясында орналасқаны белгілі болды. Мен Қазақстандағы бөлімше қызметкерлерінің хабарласуын талап еттім. Бірақ олар маған бірнеше сағаттан кейін қоңырау шалды. Сол уақыт арасында екі тілде сөйлейтін қызметкер іздеген көрінеді. Жол апатынан кейін олар маған 8000 теңгеге промокод берді. Ал болған жағдайдан кейін мен 10 күн жүгіре алмай қалдым. “Қазақмыс” сақтандыру компаниясы маған бақандай 6250 теңге сақтандыру төлемін жасады. Бірақ мен одан бас тарттым”, – дейді депутат. 

Айтуар Қошмамбет компания клиенттеріне немқұрайлы қарайтынын, сондай-ақ такси қызметін қолданатын адамдардың құқығы қорғалмағанын атап өтті.

Талқылау