Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жанжал кезінде күйеуінің бұрынғы жарын пышақтап өлтірген әйелді сот бостандықта қалдырды

Жанжал кезінде күйеуінің бұрынғы азаматтық әйелін өлтірген Астана тұрғыны бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Себебі жәбірленушінің өкілдері медиациялық келісімге келген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде елорданың Алматы ауданының №2 аудандық соты мәлімдеді.

Жәбірленушіге сот үкімді бүгін, 5 сәуірде Қылмыстық кодекстің 101-бабы, 1-бөлігі, "аффект күйінде" жасалған кісі өлтіру фактісі бойынша шығарған.
Сотта анықталғандай, қаза тапқан М., айыпталушы Р.-ның күйеуімен ресми некеге тұрғанға дейін қарым-қатынаста болған, олардың ортақ баласы бар. Р.-ның күйеуі оған тұрмысқа шыққаннан кейін жәбірленуші М.-мен қарым-қатынасын жалғастырған, бұл Р.-ның ұялы телефонына жіберілген намысына тиетін сөздер жазылған фотосуреттерден көрінеді.

"Р., жәбірленушінің қорлауы салдарынан кенеттен күшті эмоционалдық қозу (аффект) жағдайында, жәбірленушінің ауласына барып, ауызша төбелес кезінде жәбірленушінің өмірлік маңызды мүшесіне пышақ сұғып алған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмған", - делінген сот мәлімдемесінде.

Сотта істі қарау барысында тараптар татуласу туралы медиациялық келісімге қол жеткізгені белгілі болған.



"Мұндай жағдайда соттың Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 340-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталушының жағдайын нашарлатуға құқығы жоқ. Сотта прокурор айыпты қолдап, Р.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушының кінәсі Р.-ның өзінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді, оған сәйкес Р. Аффект күйінде болғаны белгілі болды", – деп қосты сот.

Судья Р.-ның қылмысын орташа ауырлықта деп тауып, сотталушының бір жасар баласы бар екенін және оның жасаған әрекетіне өкінуін жеңілдететін мән-жайлар деп танған. Сот Р.-ны кінәлі деп танып, пробациялық бақылау орната отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұл оқиға туралы алғаш NeМолчи.kz қорының негізін салушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі айтқан еді. Ол істің кей фактілерімен келіспейтінін де жеткізген.

“Аффект барысында кісі өлтіру деп жауапкершілігін жеңілдету үшін жәбірленуші өзі заңсыз әрекет жасап, қауіп төндірген болуы керек. Психикалық толқу, аффект күтпеген жерден пайда болады. Бірақ бұл жағдайда күдікті алдын-ала дайындалып пышақпен шықты. Демек, оның әйелден кек алу үшін өлтіру ниеті мен қалауы болған”, – дейді Таңсәрі.

Талқылау