Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ұлттық қолөнер шеберлерінің республикалық жәрмеңкесі өтті

шеберлер көрмесіФото: автордан

Астанада Тәуелсіздік күні қарсаңында "Astana Mall" сауда-ойын-сауық орталығында ұлттық өнердің ұлы керуені – "Ұлы дала қолөнершілер керуен көшi" атты республикалық қолөнер жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты – ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау.

"Хас шебер" қауымдастығы тәуелсіздік күніне орай "Ұлы дала қолөнершілер керуен көшi" республикалық қолөнер жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – отандық қолөнер шеберлерінің басын біріктіріп, олардың өнімдерін бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халыққа таныстыру. Сонда ғана елімізден мықты тігінші, түрлі қолөнер шеберлері шығады. Осы шара шеңберінде сән көрсетілімін ұйымдастырдық. Оған ерекше балаларды қатыстырып, оларды қоғамға бейімдеуге атсалысып отырмыз”, – дейді "Хас шебер" отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.

көрмеОның айтуынша, шараға жүзге жуық қолөнер шебері жиналған.

“Мұнда дизайнерлер, сөмке, әшекей бұйымдарын жасайтындар, көрпе тігетіндер, жиһаз жасаушылар және ұлттық дүниелерді жасайтын шеберлер бар. Бәрінің басын қосып, халыққа хас шеберлердің өнімдерін ұсынып отырмыз. Үкімет қолөнер шеберлерінің өнімдерін көрсететін арнайы орын берсе екен деген ұсынысымыз бар. Сонда ғана отандық өнім жасаушылардың ынтасы артып, отандық өнімге сұраныс артар еді. Халық та керекті затын бір жерден сатып ала алады, бағасы да тиімді. Бұл жерге жиналған қолөнер шеберлері "Хас шебер" қауымдастығының мүшелері еліміздің түрлі өңірлерінен келген", - дейді Зиуар Жұманова.

көрме

Бұл шара – жай ғана жәрмеңке емес, қазақтың тамыры терең өнерін, ұлттық нақышын, дәстүр мен заманауи стильді тоғыстыратын ерекше мәдени кеңістік. Келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә болды.

көрмеҰлттық әшекейлерді жасайтын Гүлжазира Өнерхан осындай көрмені асыға күтетінін, халықтың ынтасы зор екенін айтады.

“Бұл шара халық үшін бір мереке іспетті. Мұнда баға да қолжемді. Көпшілік көптен іздеген дүнеиесін арзан бағаға сатып алып, үйлеріне қуанып қайтады. Біз де табыс тауып, халықтың сұранысын көріп қайтамыз. Осындай көрмелер жиі ұйымдастырылса дейміз”, - дейді шебер. 

Жәрмеңке аясында ұлттық стильдегі сән көрсетілімі өтті. Оған отандық этнодизайнерлер мен сән орталықтары келіп, ұлттық киімдер мен әшекейлерін көрсетті. Көздің жауын алған ұлттық нақышта өрнектелген шапандар, әшекейлер мен ұлттық киімдер көптің көңілінен шығып, қолдауына ие болды. 

Алдағы екі күнде танымал қолөнершілер мен дизайнерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіледі. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 20 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне арнап қолөнер шеберлері қойдың киізінен түрлі суреттер бейнеленген пано жасап, Ұлттық музейге табыстамақ.

Рая Мінәп
Сенбі, 13 Желтоқсан, 2025 15:20