Астанада мектеп оқушысы терроризм актісі туралы қағаз таратқан
Елордалық мектептердің бірінде лаңкестік әрекет туралы парақшалар таратқан оқушының ата-анасы жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Елордалық мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысының үзілісте басқа оқушыларға заңсыз әрекеттер жасауға шақыратын парақша таратып жатқанын байқап, полицияға арызданған.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Мән-жайды анықтаған кезде жасөспірім әзіл үшін компьютермен мәтін жазып, парақшаларды басып шығарғанын мойындады.
Байқоңыр ауданының полиция басқармасы қылмыстық кодекстің 273-бабы 1-бөлігі бойынша (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Сонымен қатар оқушының заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жасөспірімнің анасына айыппұл салынды.
Полиция департаменті мұндай әрекеттер үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін еске салады. Балаларды дұрыс тәрбиелемегені үшін ата-аналар заңға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.