Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада тандырханада газ баллоны жарылып, төрт адам зардап шекті (видео)

Тандырхана жарылыс
Фото: t.me/astanovka98

Астанадағы "Сапа" базары аумағында орналасқан тандырханада газ баллоны жарылып, салдарынан төрт адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, оқиға туралы хабарлама сағат 08:55-те "102" арнасына түскен. Жарылыс Жиенқұлов көшесі, 9 мекенжайында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, тандырханада тұрған 50 литрлік газ баллоны жарылған. Соның салдарынан ғимараттың төбесінің бір бөлігі мен есік ойығы опырылып, маңда тұрған Toyota автокөлігіне зақым келген.

Оқиға орнында төрт зардап шеккен адам анықталып, олар ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар дәрігерлер тағы бір адамды сол жерде тексеріп жатыр.

Жарақат алғандардың екеуі тандырхана ішінде болған Өзбекстанның 41 және 19 жастағы азаматтары. Сондай-ақ 16 жастағы жасөспірім мен 27 жастағы Қазақстан азаматы да түрлі жарақат алған.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 11:07