Балабақша жұмыс істемейді, қызметкерлер қашықтан жүмыс істейді: Астанада ШЫҰ саммитіне байланысты шектеулер енгізілді
Тәуелсіздік сарайында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне байланысты Астанада 3-4 шілде күндері шектеулер енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Akorda.kz
Сонымен бірге елордада 1 шілдеден 5 шілдеге дейін электросамокатпен жүруге тыйым салынады. Шектеу 1 шілдеден бастап енгізіледі. Дегенмен елорданың сол жағалауында 26 маусымнан бастап самокатпен жүруге шектеу қойылған.
Әкімдік бұл шараларды қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болу, жолдарда кептелістердің туындауын болдырмау үшін жасалынып отырғанын жазды.
"Мемлекеттік мекемелер мен квази мемлекеттік секторға 2 шілде мен 4 шілде күндері аралығында, қызметкерлерінің 70%-ға дейінгісін жұмысты қашықтан істеу форматына ауыстыруға кеңес берілді. Бұған қоса, 3-4 шілде күндері мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді", – деп хабарлады Астана әкімдігі.
Онымен қоса 3 ауданда жол қозғалысы шектелмек.
"2-4 шілдесінде "Есіл", "Нұра" және "Алматы" аудандарында осындай шектеулер енгізіледі", – деді мемлекеттік күзет қызметі Instagram парақшасында.
ШЫҰ — Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің тұрақты жұмыс істейтін үкіметаралық халықаралық ұйымы. Ұйым 2001 жылы Шанхайда құрылған.