Астанада өткен Art Forum-да креативтік индустрияның маңызды мәселелері талқыланды
Қазақстан азаматы Канадада геймдев саласын дамытып жатыр. Қазақстандық кинематографшыларға қандай білім жетіспейді. Астанада өткен Art Forum-да креативтік индустрияның маңызды мәселелері талқыланды.

6 желтоқсанда Қазақстан елордасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен PR room медиа/PR қоғамдастығы ұйымдастырған Art Forum өтті.
Астанадағы "ÓzgeEpic" креативтік хабында арт-менеджерлер, креаторлар, мәдениет, өнер, театр, кино, музыка, поэзия, тарих және коммуникация саласының мамандары бір алаңда бас қосты.
Іс-шара шеңберінде өткен тақырыптық панельдік сессияларға мемлекеттік билік, шығармашылық кәсіптер, бизнес пен академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты. Сарапшылар экономикалық өсудің негізі болып табылатын маркетинг, монетизация, технологиялар интеграциясы мен шығармашылықтың негізгі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Kursiv Media сайтының қазақ тілді контентін тұтыну туралы зерттеу нәтижесі назарға ұсынылды.
"Бастапқыда қазақстандық спикерлердің қатысуымен ғана өтеді деп жоспарланған іс-шараның ауқымы дайындық барысында кеңейтіліп, біздің Art Forum Канада, Украина, Қалмақстан спикерлері келетін халықаралық іс-шара мәртебесіне ие болды", - деп атап өтті форумды ұйымдастырушы, PR room қоғамдастығының негізін қалаушы Айнұр Байғожа.

Канадада тұратын қазақстандық геймдизайнер Жәнібек Жарылқасынов өзінің FLESHINSANE ойынын көпшілік назарына ұсынды. Ол – Торонтодағы студияның негізін қалаушы, оның жобасы аясында біртұтас мамандар тобы жұмыс істеп жатыр.
"Менің мақсатым – халықаралық сахнада бәсекеге қабілетті болатын қазақстандық геймдев жасау. Дипломы бар геймдизайнер ретінде талантты суретшілер, тұжырымдамашылар, бағдарламашылар мен музыканттардан тұратын команда жинағым келеді. Қазақстанда дарынды адамдар көп, сондықтан бұл жобаны біздің елде ойдағыдай жүзеге асыруға болатынына сенімдімін. Бұл жай ғана ойын емес – бұл Қазақстан әлемдік геймдев сахнасында мойындалған ойыншыға айналуы үшін алға жасалған қадам", - деп Жәнібек Жарылқасынов өзінің жоспарын бөлісті.
Сарапшылар креативті индустриялар саласының нарығындағы бәсекеге қабілетсіздік мәселелерін талқылады.
"Жаңадан бастаған кинематографшының басты проблемасы – маркетинг және сату саласында білімінің жоқтығы, бұдан ол заманауи нарықта бәсекеге қабілетсіз болады. Сондықтан біз туындыны шығарғанға дейінгі кезеңде қажетті қаржыны табуды және серіктестермен уағдаластыққа жетуді үйренуге көмектесетін консультация мен конкурстар өткіземіз", - деп атап өтті "Кинематографшылар қауымдастығы – KinoHubKZ" бас атқарушы директоры (CEO) Нұрсұлтан Көшербаев.
Креативті индустрияның әр түрлі саласындағы технологиялар интеграциясы да тілге тиек етілді.
"Өнер мен технологиялар қатар жүреді. Біздің AI стартап аудиторияның дауысын естуге және креативтік жобаларды ілгерілетуді бұрынғыдан да нәтижелі етуге көмектеседі. ЖИ негізінде сөйлеуді сараптау креаторлардың қандай сөзі мен эмоциясы өз аудиториясының жүрегінен орын алатынын көруіне көмектеседі. Сөйлеу деректерін талдау брендтің өз аудиториясының тілінде сөйлеуіне жол ашады", - дейді aiokk стартапының – ЖИ негізінде сөйлеуді сараптау жүйесінің негізін қалаушы және CEO Максим Даллакян.

Өнімді халықаралық деңгейде жайғастыру, мәдени код туралы Қалмақстандағы Smell Terra Kermen бірінші парфюмериялық брендінің стратегиялық коммуникациялар және аумақтар бренді бойынша халықаралық сарапшысы, CEO Кермен Манджиева айтып берді. Бренд 4 апта бұрын тауашалы парфюм арқылы танылып, халықаралық деңгейде мойындалды.
"Шығармашылық ұжыммен және Қалмақстанның өнер қайраткерлерімен бірге Қалмақ елі және оның иістері туралы бірегей фильм түсірілді. Бұл республиканың әдемі визуалдық мәдени коды. Әтірді сатудан түскен қаржының бір бөлігі қызыл кітапқа енген киіктерді қолдау және Қалмақ жерінің шөлейттенуімен күресу үшін "Қара жер" ("Черные земли") қорығына жіберіледі. Бұл Қалмақияның мәдени кодтарын ольфакторлық қабылдау арқылы аумақтың брендін ілгерілетудегі алғашқы жоба", - деп Кермен ойын бөлісті.
Форум шеңберінде сонымен қатар PR ROOM AWARDS - үздік PR жобалар сыйлығын табыс ету салтанаты өтті.
"Биыл пиар жобалар байқауы Астанадағы бірінші ART forum шеңберінде өткізілгендіктен бізге өнер саласындағы өнімдерді немесе жобаларды ілгерілетумен айналысатын компаниялар мен мамандардан кімдік - айдентика және мәдени код элементтері бар өте қызықты өтінімдер келіп түсті. Бұл – Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан трендтер мен нарықтардың бірі. Сондай-ақ бұл корпоративтік және мемлекеттік сектордағы коммуникация бөлімшелері өз жұмысына белсенді түрде ендіріп отырған маңызды бағыт та", - деп атап өтті PR room awards байқауының төрешісі, Ұлттық банктің коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Айнұр Жұмаділова.

Байқауға барлығы 40 өтінім келіп түсті. Ең үздік болып білім беру және киберқауіпсіздік саласында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша жобалар, тақырыптық подкасттар мен Youtube арналары, аймақтар мен ауылдарға арналған әлеуметтік және білім беру жобалары, ESG бастамалары танылды. Қазақ тілінде іске асырылған жобаларға арналған сыйақы бойынша серіктес Kursiv Media болды.
PR ROOM AWARDS байқауының қорытындысы
Үздік PR жобасы (PR ROOM Awards сыйлығы):
- КОММУНИТИПЛЮС ҚҚ "Ауылға кітап" үздік әлеуметтік жобасы;
- Үздік fashion art жобасы – "Қалмақ даласы" Smell Terra парфюмерлік бренді;
- Үздік PR/digital жобасы – Мy car маркетплейсі;
- Үздік ESG жобасы – Freedom Grants білім беру жобасы;
- "Телекомдағы үздік ағартушылық жоба" – Цифрлық этикет және желідегі қауіпсіздік #Желідекауіпсізбол ALTEL;
- Үздік бірлескен әлеуметтік жоба – баспалдақтар TDI Group / Wunder Digital / Шынар Жәнібекова.
Қазақ тілді аудитория арасында қазақ тілінде іске асырылған жобалар үшін Kursiv media-ның арнайы сыйлығы (PR ROOM Awards сыйлығы):
- Қазақстандық YouTube AI channel "AI GUL", Genesis;
- Қазақ тіліндегі медитация, Harmonia онлайн-психология платформасы;

Арнайы номинациялар (PR ROOM AWARDS дипломы):
- "Үздік дизайн жобасы" номинациясы – "SMM ынтымақтастық және вирустық Football logotypes құру", Әділбек Қайсен;
- "Үздік корпоративтік жоба" номинациясы – "ҚазТрансОйл" АҚ корпоративтік телеарнасы;
"Қаржылық сауаттылық бойынша үздік жобалар" номинациясы
- "Қаржы сауат" телеграм-арнасы (қазақ тілінде)
- "Финграмота: Барлығына арналған экономика" жобасы (орыс тілінде)
Естеріңізге сала кетейік, PR ROOM AWARDS байқауы жыл сайын өткізіледі. Оның қорытындысы жыл соңында Art Forum-да белгілі болады.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады