Астанада көлік жарылып, бес адам ауруханаға түсті

Астанада автокөлік өртеніп, салдарынан бес адам зардап шекті. Дәрігерлер науқастардың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аlmaty.tv бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сарайшық ауданындағы Аманжолов пен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында жеңіл автокөлік жолдың дәл ортасында автокөлік жарылды. Өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін көлікте газ-ауа қоспасы жарылып, автокөлік түгелдей жанып кетті. Жақын маңда тұрған бірнеше автокөлік те зақымданды.
Елордалық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде он шақты өрт сөндіруші мен екі техника бірлігі жіберілді. Өрт 15 минутқа жетпейтін уақытта толық сөндірілді. Қазір мамандар өрттің нақты себебін анықтап жатыр.
"Өрт туралы хабарлама сағат 17:39-да түсті. Күштер мен құралдар оқиға орнына 17:44-те жетті, ал 17:52-де өрт толықтай сөндірілді. Осындай өрт, жарылыс және қатты дыбыс шығу жағдайларында төтенше оқиғаны барынша қысқа мерзімде жою үшін қолда бар барлық күш пен құрал жұмылдырылады", – деді Сарайшық ауданы ТЖ басқармасының бастығы Жәнібек Күселбаев.
Сондай-ақ оқиға кезінде бес адам зардап шекті. Оның ішінде бала бар. Оларға оқиға орнында шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір зардап шеккендер дәрігерлердің жіті бақылауында.
"№1 Көпсалалы қалалық аурухана мен №2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасына төрт ересек пен бір бала жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Пациенттерге қажетті медициналық көмектің толық көлемі көрсетіліп жатыр", – деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиғаны үйлерінің терезелерінен бақылаған куәгерлердің айтуынша, төтенше жағдай орнынан мылтық атылғандай қатты тарсылдаған дыбыстар естілген.
“Терезеден көліктің жарылғанын көрдім. Кейін от жанындағы көлікке ауысты. Көлік санаулы минуттың ішінде жанып кетті”, “Дәл осы жерде тұрған, кейін жарылды. Газбен жүретін көлік болған сияқты”, – дейді оқиға куәгерлері.
Мамандардың айтуынша, осындай оқиғалардың ең жиі себебі – газ-баллон жабдықтарының ақау. Сарапшылар көлік иелеріне техникалық тексеруден тұрақты түрде өтіп, отын жүйесінің жағдайын мұқият бақылауға кеңес береді. Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы