Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада білім беру саласын дамытуға бағытталған үш күндік форум өтті

2025-2026 жаңа оқу жылы қарсаңында 18-20 тамыз күндері Астанада педагогтердің дәстүрлі форумы өтті. Биыл басқосу "Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман" тақырыбымен ұйымдастырылды. Форумда елордалық білім беру жүйесін жетілдіруге арналған нақты жобалар мен бағдарламалар талқыланды. Сонымен қатар білім беру процесі қатысушылары арасында әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Форумның басты мақсаты білім беру сапасын арттырып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ болашаққа бағдарланған білім берудің жаңа бағыттарын қалыптастыру. Жиынның негізгі міндеті мұғалімнің кәсіби құзыретін дамыту, оқу-тәрбие процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын кешенді түрде жүзеге асыру.

Дәстүрлі форумға Қазақстан мен Астана қаласының мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және республикалық білім беру ұйымдарының мамандары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінің педагогтері қатысты. Форум жұмысына барлығы 20 мыңнан астам ұстаз қосылды. Оның ішінде 10 мыңнан астамы офлайн түрде пленарлық және панельдік сессияларға қатысса, қалғандары онлайн форматта тікелей эфир арқылы қосылды. Сессияларды 13 халықаралық және 57 отандық сарапшы жүргізді.

Сондай-ақ іс-шара Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды көрінісімен басталды. Оны №87 Абай атындағы мектеп-гимназия ұйымдастырған. Жиында Абайдың әндері, өлеңдері мен қара сөздері айтылып, "Желсіз түнде жарық ай" әнін 400 педагог домбыраның сүйемелдеуімен орындады. 

Форум аясында бірнеше ерекше бағыттарға басымдық берілді.

"Білім берудегі цифрлық серпіліс: адалдық, кәсібилік, инновация" атты көрмеде заманауи білім беру жабдықтары, тиімді онлайн-платформалар және елордалық мектептердің үздік тәжірибелері таныстырылды. 

Жас педагогтерге қолдау көрсету мақсатында "Ізденіс. Жаңашылдық. Ынтымақтастық" атты педагогикалық Хакатон ұйымдастырылды. Онда тәжірибелі ұстаздар мен "Үздік педагог" байқауының жүлдегерлері жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ форумға ата-аналар қауымдастығы белсенді араласып, отбасылық тәрбиенің өзекті мәселелерін талқылауға арналған арнайы панельдік сессия өткізілді.

Панельдік сессиялар

Панельдік сессиялар жұмысына Оқу-ағарту министрлігі өкілдері, мектепке дейінгі ұйымдар, ғылыми-зерттеу орталықтары, тәжірибелі педагогтер, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен әдіскерлері қатысты. Жалпы 880 адам офлайн форматта бас қосты. 

Сондай-ақ дәстүрлі форумда үш секциялық отырыс ұйымдастырылды:

І секция: Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту

Бұл секция мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлеріне арналған. Мұнда педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін тиімді тәжірибелер мен механизмдер талқыланды.

ІІ секция: Заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер

Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілеріне бағытталған. Секция барысында білім беру кеңістігін жаңаша құру, баланың жеке ерекшеліктерін ескеру, инклюзивтілік және цифрландыру мәселелері көтерілді.

ІІІ секция: Білім беру ортасын ұйымдастыру

Сессия мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналды. Жиында инновациялық технологиялар мен жасанды интеллекті қолдану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тілдік және танымдық қабілеттерді дамытуға арналған әдістемелер ұсынылды. 

Негізгі талқылаулар Назарбаев Университетінде, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында, №109 келешек мектебінде және №87 Абай Құнанбайұлы атындағы мектеп-гимназиясында өтті. Мұнда педагогтер шеберлік сабақтарына қатысып, заманауи әдіс-тәсілдермен танысты. Сондай-ақ жасанды зиятты білім беру процесіне енгізудің жаңа шешімдерін қарастырды.

Форумнан кейін білім беруді цифрландыруға арналған инновациялық шешімдер енгізіліп, халықаралық әріптестік күшейтілмек. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға бағытталған жаңа стратегиялар мен технологиялар тәжірибеге енгізілмек. Бұл форум елордалық білім беру қауымдастығы үшін маңызды алаңға айналды. Жиын барысында ұсынылған идеялар мен бастамалар білім беру ұйымдарының әдістемелік кеңестерінде өз жалғасын таппақ. 

"Жұмысшы мамандықтар жылы" секциясы

Биыл 18 тамызда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қалалық секциясы өтті. Оның тақырыбы "Жұмысшы мамандықтар жылы: коммерцияландыру, интернационалдандыру және жасанды интеллект дәуіріндегі колледждерді басқару".

Бұл секцияда:  

– білім берудегі интернационалдандыру мәселелері;

– колледждердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

– мамандарды даярлауда тиімді басқару;

– инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі;

– білім беру мен бизнестің әріптестігін дамыту;

– "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын оқу процесіне енгізу мәселелері талқыланды. 

Баланың жеке тұлғалық өсуі және менторлық

2025 жылы 19 тамызда Астанада "Смарт-ұлт трансформациясы жағдайында баланың жеке тұлғалық өсу ресурсы ретінде үйлесімді менторлық" тақырыбында ауқымды панельдік сессия өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты білім беру ұйымдарында психологиялық сүйемелдеу жүйесін дамыту, балаға бағытталған әлеуметтік және психологиялық қолдауды жетілдіру, сондай-ақ жеке тұлғаның болашаққа бейімделген заманауи тәсілдерін қалыптастыру.

Форумнан кейін білім беруді цифрландыруға арналған инновациялық шешімдер енгізіліп, халықаралық әріптестік күшейтілмек. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға бағытталған жаңа стратегиялар мен технологиялар тәжірибеге енгізілмек. Бұл форум елордалық білім беру қауымдастығы үшін маңызды алаңға айналды. Жиын барысында ұсынылған идеялар мен бастамалар білім беру ұйымдарының әдістемелік кеңестерінде өз жалғасын таппақ. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 11:01
Талқылау