Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері 500-ге жуық көлікті заңсыз тіркеп, мемлекетке 1 миллиард теңге шығын келтірді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ қызметкерлері мен азаматтық тұлғалардан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың ұсталғанын мәлімдеді. Олар шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеумен шұғылданған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

көлік

Қылмыстық топ осы жылдың қаңтар айынан бастап азаматтарды шетелдік автокөліктерді есепке қоюдың заңдылығына қатысты алдау арқылы 486 көлікті заңсыз тіркегені анықталды. Әр көлікті тіркеу құны құны 400 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін болған.

“Қажетті ақшаны алғаннан кейін күдіктілер автокөліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша формасын, мемлекеттік нөмірлер мен көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктерді дайындағаны үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртектерді қолдан жасаған”, – делінген хабарламада. 

Ұйымдасқан қылмыстық топ "Web-модуль" сервистік орталығы" ақпараттық жүйесінде утилизацияланған көліктер туралы мәліметтерді заңсыз жойып, олардың орнына жаңадан әкелінген автомобильдердің мәліметтерін енгізген. Соттың санкциясымен төрт полиция қызметкері қамауға алынды.

“Мемлекеттік баждар мен төлемдерді төлеуге арналған азаматтардың ақшалай қаражатын күдіктілер ұрлап, жеке қажеттіліктеріне жұмсады. Аталған адамдардың қылмыстық әрекеті нәтижесінде азаматтар мен мемлекетке 1 млрд теңгеге төленбеген мемлекеттік баждар мен алымдар түрінде залал келтірілді. Бүгінгі күні іс бойынша қылмыстық топтың тағы 4 белсенді қатысушысы, оның ішінде Астана қаласы бойынша №2 Арнайы ХҚКО басшысы ұсталды”, – деп қосты агенттік өкілдері. 

Талқылау