Астана тұрғыны жол бойындағы жұмысшыға шабуыл жасады: Желіде тараған видеоға полиция түсініктеме берді
Желіде ер адамның жол бойындағы жұмысшыға жасаған шабуылы бейнеленген видео тарады. Instagram парақшасының авторы бұл оқиға Астанадағы Әзірбаев көшесінде болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: кадрдан скриншот
Кадрларда көліктің шетінде тұрған ер адам жұмысшыға бірдеңе айтып жатқанын көруге болады. Ол одан қашуға тырысқанымен, ер адам оны көшенің арғы бетіне өтіп ұстап алады. Жұмысшыны жұлқылап, тізерлеуге мәжбүр етеді.
Пост авторы жанжалға не себеп болғанын айтпады, бірақ жазылушылар ер адамның әрекетіне қатты ашуланды. Кей пікірлерді ұсынамыз:
"Өтінемін, оны тауып, дәл осылай тізерлеп жұмысшыдан кешірім сұратқызыңыз!".
"Байғұс, жақсы өмір сүргеннен күрекпен қала тазалап жүрген жоқ қой. Беделді достары жоқ қарапайым адам. Осындай адамға тиісу деген…, өзіне теңді таба алмады ма".
"Тауып, жазалау керек. Оған қоса жұмысшыдан дәл солай тізерлеп кешірім сұрасын. Жилетка киіп жүргені оларды қорлауға болады дегенді білдірмейді”.
Оқиғаға қатысты Астана полициясы түсініктеме берді, бірақ олар да жанжалға не себеп болғанын айтпады.
"Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында жүргізуші мен жұмысшы арасында жанжал болғанын көрдік. Полиция қызметкерлері олардың кім екенін анықтады. Жұмысшы ешқандай шара қолданбауды өтінді. Олармен сөйлесіп, түсіндіру жұмысы жүргізілді", – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.
Бұған дейін Петропавлда әйелдерге балтамен шабуылдаған адам бостандыққа шыққанын хабарлаған едік.