Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астана LRT" бойынша қылмыстық іс: Сот үкім шығарды

Нұр-Сұлтанда "Астана LRT" жобасы бойынша қозғалған қылмыстық іске нүкте қойылды. "Астана LRT" компаниясымен серіктес болған жеті жеті экс-шенеунік пен компания қызметкерлері 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов мемлекеттік қызметте, судья болып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық Банкте, Ұлттық компанияларда 5 жыл мерзімге жұмыс істеу құқығынан айырылып, 10 жылға түрмеге тоғытылды. Ол жазасын ең жоғары қауіпсіздік колониясында өтейді.

Нұр-Сұлтан мәслихатының экс-хатшысы Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметте 5 жыл қызмет атқаруға тыйым салынды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сонымен қатар, сот Нұрпейісовті "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айыру туралы шешім қабылдады.

Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшімке де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сот оны тікелей сот залында қамауға алуға шешім қабылдады.

"Астана LRT" компаниясымен серіктес кәсіпорындардың қызметкерлері 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Ұлықбек Ачилов орташа қауіпсіздік колониясында 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тимур Қасабаев кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында 8 жылға сотталды.

Дулат Мұсеновке орташа қауіпсіздік колониясында 7 жыл берілді.

Дәурен Әбдіхамитов мүлкі тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сот оны сот залында қамауға алуға шешім қабылдады.

"Астана LRT" ЖШС-нің 5 миллиард теңге көлеміндегі мүліктік зиянды өтеу бөлігіндегі азаматтық талаптарын ортақ тәртіппен қанағаттандырылсын, - деді судья Қажымұхан Мекемтас.

Еске салайық, қылмыстық бойынша сот 2020 жылдың қазан айында басталды. Қылмыстық іс 155 томнан және 8 эпизодтан тұрады. 

Бұған дейін прокурор айыпталушыларды 7-11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Сонымен қатар, прокурор "Астана LRT" ЖШС-нің 5 миллиард теңге көлеміндегі мүліктік зиянды өтеу бөлігіндегі азаматтық талаптарын ортақ тәртіппен қанағаттандыруды, сондай-ақ сотталушылардан 4 миллион көлемінде процессуалдық шығындарды өндіруді өтінген. 

Талқылау