Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана әкімі басын қатерге тігіп балаларды құтқарған құрылысшыларды марапаттады

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «NovaCity» тұрғын үй кешенінде орын алған өрт кезінде құтқарушыларды күтпестен, балалар мен жас әйелдің өмірін аман алып қалған құрылысшыларды марапаттады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Сурет: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Елорда әкімдігінде бүгін монолитші Руслан Беріков, Ақылбек Жақайымов, Дағыстан Әділбектер, терезе орнатушы Жасұлан Байсейітов пен инженер Руслан Жалбақов марапатталды. Оларға «Белсенді азамат» естелік мүсіндері, қала әкімінің атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйақы табысталды.

Марапаттау рәсімі аяқталған соң, өрт кезінде қайсарлық танытқан батырлардың бірі Жасұлан Байсейітов оқыс оқиға кезінде құрылысшылардың әрқайсысы от қоршауында қалғандарға көмек көрсетуді жөн көріп, оқиға орнынан табылғанын айтты.

«Біз адамдар үшін өте қуаныштымыз, ешқандай үрей жоқ еді. Менің мамандығым техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауды талап етеді. Мен – еңбекті қорғау инженерімін. Бірінші кезекте, дүрбелеңге жол бермеу керектігін жақсы білемін. Екіншіден, барлығы да дұрыс ұйымдастырылуы тиіс.  Біздің команда бірлесе әрекет еткендіктен, барлығы да ойдағыдай аяқталды», – деді Жасұлан Байсейітов.

Өз кезегінде, Әсет Исекешев батырларға алғысын білдіріп, олардың қаһармандылық танытқанын тілге тиек етті. Қоғамымызда өз басын үлкен қауіпке тігіп, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын берер азаматтардың жоғалмағанын алға тартты.

«Сіздер, белсенді азаматтар ретінде барлығымыз, әсіресе, құтқарылған адамдардың туған-туысқандары үшін баға жетпес ерлік жасадыңыздар.  Өжеттік, жанқиярлық және адамгершілік сияқты адамға тән осы қасиеттер ең жоғары бағаға лайық», – деді әкім.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Барат Дұзақбаевтың айтуынша, есімдері жоғарыда аталған қызметкерлер  ведомстволық «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталуға ұсынылды.

Оқи отырыңыз:

Тараз түрмесінде аузы тігілген қырғызға қатысты мәліметтер белгілі болды

Астанада бойжеткен ZARA дүкенінен киім ұрлағаны үшін бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды

Аяусыз соққыдан миы шайқалған 5 жасар қыздың ісіне полиция араласа бастады

Сәбит Әбдіхалықты жас актерлер “нағыз ақымақтың пікірін айтады” деп сынады

Талқылау