Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

​​​​​​​Адам құтқаруға аттанатын ұшаққа автокөліктің жанармайын құятын ел атандық – Депутат

Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған Нартай Сәрсенғалиев санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: aviamuseum.com.ru

"Бүгін медицина саласындағы тағы бір сұмдықты сөз етпекпін. Себебі біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек. Сөз – санавиация туралы. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы – осы. Қарапайым халық "аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме" деп қорқады. Қостанайда суға қонамын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты. Қазбалап кеп жібергенде жантүршігерлік жайттар әшкере болды. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұшағының еншісінде", – деді ол мәжілістің жалпы отырысында. 

Депутаттың айтуынша, 2023 жылы санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалған. Ал Қазақстандағы санавиацияда қолданылатын АН-2 – кеңес кезінде, яки 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ. Ал ЯК-40 1966-1981 жылдары құрастырылған әуе көлігі. 

"Табиғи байлықтың бәрі табанының астында жатқан еліміздің санитарлық рейстерінде орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтар қатынайды. Ең сорақысы – Қазақстанның санавиациядағы АН-2 ұшақтары АИ-95 маркалы автомобиль бензинімен ұшып жүр. Ойлап көріңіздер, аспанмен адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін автокөліктің жанармайын құйып жүрген ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апаттарға ешкім таңғала қоймас", – деді мәжіліс депутаты.

Депутаттың атап өтуінше, 2023 жылы "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" шалғайдағы науқасқа жедел жету үшін 11 әуе компаниясымен шарт жасасқан. Бірақ кейінгі 4 жылдағы ұшулардың 70%-ы АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен жүзеге асқан. АН-2 ұшағы 4 сағатта жететін жерге пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан ЕС-145 тікұшағы 2,5 сағатта жетеді. Соған қарамастан ескі ұшақтардың тарифі жыл санап өсіп барады. Мысалы, 2015 жылы АН-2 ұшағының 1 сағаттық ұшу тарифі 219 250 теңге болса, былтыр 328 мың теңгеге жеткен. 

Осыған орай Нартай Сәрсенғлиев үкімет басшысына мынадай ұсыныстар айтты: 

1. Санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек. Оның орнына әлемдік стандартқа сай заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды пайдалану қажет. 

2. Санитарлық авиацияға қажет ұшақтарды ұсынатын әуе компанияларымен шарт жасасқанда ең арзан тарифті бекіту туралы тәртіпті қайта қарау керек. Әйтпесе ескі ұшақтардан құтыла алмаймыз, ал бұл өз кезегінде онсыз да ауыр дертке шалдыққан адамды азаптау саналады.

3. Алдыңғы ұсыныстар жүзеге асқанға дейін қазір еліміздің санитарлық авиациясында ұшып жүрген АН-2 ұшақтарына авиациялық жанармай құюды қамтамасыз ету керек. Себебі автокөліктің бензинін құйған ұшақтың алысқа ұшпайтынына көз жетті.

Талқылау