Аспан асты елінің әлемге деген ықпалы күн санап артып келеді: Қытайдың қарызынан құтыла алмаған елдердің жайы не болмақ?

Сырт елдерге қарыздану барлық мемлекеттің тәжірибесінде бар. Алайда елдің саяси-экономикалық әлеуетінің күшті не әлсіздігіне байланысты әлгі қарыз кейде маңдайға сор болып та тиіп жатады. Қарыз қайтармасаң, басқаша есептесу принципі алға шығады. Мұндайда борышкер елдің кейбір саяси немесе экономикалық мүддесі аяққатапталуы ықтимал.

Қытай

Бірнеше күн бұрын Қырғызстан президенті Сооронбай Жиенбеков Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен кездесіп, Қытай алдындағы сыртқы қарыздар бойынша төлемдерді жеңілдету және ұзарту мүмкіндігін қарастыруға өтініш жасаған.

Ресми деректерге сәйкес, Қырғызстанның сыртқы қарызы 3,874 миллиард доллар болса, соның 1,794 миллиарды Қытайға (The Export-Import Bank of China / China Exim Bank) тиесілі. Жиенбеков тап осы мәселені сәуір айында Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесу кезінде де көтерген. Бұдан Қытай алдындағы қаржылай борыш Қырғызстанды шындап алаңдата бастағанын аңғарамыз.

Экс-дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Фейсбуктегі парақшасында осы мәселеге орай қызық мысал келтіреді.

"Қырғызстанның Қытайға қарыз сомасы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 30 пайызын құрайды. Қырғыздар үшін бұл алаңдатарлық жағдай. Қытай үшін әлгі қарыз үлкен сома емес. Мемлекет аралық қарым-қатынас кезінде жәй ғана жеңілдік жасай салу деген болмайды. Қарымтасына бір нәрсе сұрайды", - дейді саясаттанушы.

Қытайдың Джибути елінде базасы бар. Қытай қарызының үлесі бұл елдің ЖІӨ-сінің тең жартысына жеткен

Мәселен, халықаралық аренада Бейжіңді қолдау, оның ішінде БҰҰ-да Қытайды қолдап дауыс беру сияқты әрекеттерге жұмсайды; Несиені қайта құрылымдауға келіседі; Төлем мөлшері мен мерзімін өзгертеді немесе қарыздың бір бөлігін кешіреді; Мұны меншіктегі бір мүлікке айырбастау арқылы жүзеге асырады; Саясаттанушы осындай мысалдар мен нұсқалар келтіреді.

Қырғызстан осынау қарыз үшін алаңдайды дедік. Алаңдауға негіз бар. Бұған Тәжікстан мысалы дәлел.

"Азаттық" сайты 2011 жылдың 6 қазанында "Таджикистан передал часть земли Китаю" атты мақала жариялады. Онда 1,1 мың шаршы шақырым жердің Қытайға берілгені, бұл Тәжікстан территориясының 0,77 пайызы екені жазылған. Берілген аумақта бірқатар Орта Азия елдері шекарасын кесіп өтетін Памир тау жүйесінің бір бөлігі жатыр. Tajmicrant.com сайтының жазуынша, дәл сол берілген аумақта 17 түрлі пайдалы қазба бар көрінеді. Демек, Қытайдың дәл осы өлкеге қызығуы да тегін болмағаны. Ал бұл жағдайға итермелеген басты фактор, әрине, қарыз мәселесі. Ашық ақпарат көздерінде қарыздан құтылу үшін осылай істелді деп жазылмаса да, тәжік билігінің берешекті жер беру арқылы қысқартқанын оңай түсінеміз.

Қытай қырғызҚырғыстан президенті Сооронбай Жээнбеков және ҚХР басшысы Си Цзиньпин

"2019 жылы ақпан айында Тәжікстан өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Заробиддин Файзуллозода "алтын кен орындары қытай компанияларына "заң аясында және тендер негізінде" берілді" деп мәлімдеді.

Тәжікстан территориясының Қытайға өтуі туралы тақырып биыл да көтерілді. Тамыз айында тәжік БАҚ-тарында "Тәжікстан Қытайдың тікелей инвестицияларын ұлғайтуға ұмтылуда" деп жазылды. Бұл жайлы белгілі тәжік диссиденті Темур Варки Фейсбуктегі парақшасында пікір білдірді.

"Бұдан түйеріміз – төлем жасаудың орнына Рахмон Қытайға жаңа кен орындарын немесе территорияның бір бөлігін бере салуды жөн көреді. Бірер күн бұрын пандемияға байланысты Тәжікстанның Қытайдан несие шарттарын қайта қарауды сұрағанын білдік", - деп жазды тәжікстандық БАҚ.

Platon.asia басылымының жазуынша, қазірдің өзінде Қытай тәжік жерінде 145 алтын кен орнына ие болып отыр. Яғни, Тәжікстан қарыз есебінен осы кен орындарын еркін пайдалануға рұқсат еткен.

"Душанбе-2 ЖЭС-қа бөлінген қаржы көлемі – 349 млн доллар. Тәжікстан үкіметі осы соманың тек 17,4 млн долларын ғана шығарған.

Бұдан соң ресми Душанбенің Соғды облысындағы "Верхний Кумарг" алтын кен орнын да Қытай еншісіне бергені анық болды. "Душанбе-2" ЖЭС-ті модернизациялауға алған ақшасын қайтара алмаған соң, алтын кен орнын беруге мәжбүр болған. 2018 жылдан бері қытайлық ТВЕА компаниясы тәжік кен орнындағы алтындарды қопаруда.

"Верхний Кумарг" пен "Восточный Дуоба" кен орнының көлемі – 15,4 шаршы шақырым. Дәлелденген алтын қоры – 51,7 тонна. Әлі зерттелмеген алтын қоры – шамамен 117,16 тонна.

Тәжікстан қаржы министрлігінің 2017 жылы таратқан ақпарына сүйенсек, Тәжікстанның Қытай алдындағы қарызы – 1,2 млрд доллар.

Ал 2020 жылы тамыз айында Тәжікстан экономикалық даму және сауда министрі Абдурахмон Абдурахмонзода Қытайға төленуі тиіс 40 миллион доллар кейінге шегерілді деп мәлімдеді.

Жалпы, біздің айтпағымыз да түсінікті болған сыңайлы. Қытайға қарыздар болған тәжік пен қырғыздың жағдайы тым ұқсас. Тәжікстан қарызын өтей алмаған соң жерін ұсынды. Кен орнын берді. Әрине, бұдан соң ол елде Қытай компаниялары, тиісінше қытай жұмысшыларының саны артады. Елдің экономикалық ықпалынан айырылғаны өз алдына. Ахуал мемлекеттің саяси салмағына да әсер етеді.

Қазақстандық сарапшы Мұрат Лаумулин "Астана" халықаралық ғылыми кешені журналында Тәжікстандағы Қытай экспансиясы жайлы құнды пікірімен бөліседі. Оның айтуынша, тәжік экономикасындағы қытай үлесі жыл санап артып бара жатыр.

"Соңғы 6 жылда Тәжікстан экономикасына салынған қытайлық инвестиция көлемі 500 млн долларға таяп қалды. Бірлескен кәсіпорындар арасындағы үздігі –"Зарафшон" тәжік-қытай алтын өндіру кәсіпорыны. Эксперттер экономикалық экспансия Қытайдың тәжік жеріндегі саяси ықпалын да күшейтеді деп есептейді. Екі ел 2020 жылы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуге мүдделі", - деп жазады Лаумулин.

Тәжік жеріндегі қымбат металлдардың 80 пайызын қытай-тәжік компаниялары бірлесіп өндіруде. Тәжікстанда екі елдің бірлескен 300 кәсіпорыны тіркелген.

ҚытайТәжікстан президенті Эмомали Рахмон ҚХР басшысы Си Цзиньпин

Осы күнге дейін Қытай Тәжікстанға 20 жыл және одан да көп мерзімге жеңілдетілген шарттармен "арзан" несиелер ұсынып келеді. Оны төлей алмаған соң кен орындарын иеленді, жерін алды. Барлық жобаны Қытай тарапы өзі бақылайды. Табыстың да басым бөлігі соларға тиесілі.

Сөз басын бекерге қырғыздардан бастамадық. Екі жыл бұрын америкалық Center for Global Development аналитикалық орталығы Қытайдың экономикалық экспансиясынан қатты зиян шегуі мүмкін 8 елді атаған. Олар – Моңғолия, Джибути, Лаос, Мальдив, Пәкістан, Черногория, Қырғызстан және Тәжікстан.

Қырғыз елі ресми Бейжіңмен несие бойынша 2009 жылдан бері тығыз серіктестік орнатты. 2008 жылы Бейжің алдындағы қарызы 10 млн долларға жетпесе, 2009 жылы – 50 млн, ал 2010 жылы 150 млн-нан асып түскен. Бұл қарыздың қазір қаншаға жеткенін мақала басында айттық. Қырғызстан алған несиені жол салуға, электр желісін тартуға, ЖЭС-терді модернизациялауға жұмсаған.

2017 жылдың соңында Шри-Ланканың Қытайға қарызы 8 млрд долларды құраған. Несиені уақытылы төлей алмаған соң өздерінің маңызды «Хамбантота» портын Қытайға берді. Оған «Хамбантота» басқарушы компаниясының бақылау пакеті беріліп, порттың өзі 99 жылға жалға алынған. Бірақ мұның өзі қарыздың тек 1,1 млрд долларын ғана жапқан.

Inozpress.kg басылымы сыртқы қарызды қайтару үшін жыл сайын 300 млн доллар төлену керек деп жазды. Оның басым бөлігі Қытайға қайтарылуы тиіс қаражат.

"Ел бюджетінің 2 млрд доллар болуы және ірі инвестициялардың болмауы үлкен қаржылық күйреуге әкеліп соғуы ықтимал. Сол себепті, Қырғызстан үкіметі тез арада "Қытайдан тез, бірақ қауіпті несие алу" саясатын қайта қарап, инвестиция тартуға және экономиканың нақты секторын дамытуға бар күш-жігерін салуы керек", - деп жазады қырғызстандық басылым.

2018 жылы Қытайдың қырғыз еліндегі елшісі Сяо Цинхуа Қырғызстан қарызды келісім бойынша қайтаруы тиіс деді.

Қытай жалпы құны 8 триллион долларға Азия, Африка және Еуропадағы 68 елде түрлі жобаларды қаржыландырып отыр.

"Қытай жеңілдетілген несие ұсынды. Біз оны Қырғызстанның өз пайдасына жаратқанын білеміз. Бұл қарыз жасалған келісім негізінде ғана кешіріледі. Бірақ Қытай тарапы несиені кешіру мәселесін қарастырмайды",  - депті Сяо Цинхуа.

Қытайдың қарызды кешірмейтін, оның есесін басқалай қайыратынын Тәжікстан мысалынан анық білдік. Оны аздық етсеңіз, басқа да мысалдар жетіп артылады.

Әлбетте, Қырғызстан осындай қиын халге ұшырамас үшін Қытай билігімен келіссөз жүргізуге кірісті. Бірақ бұл орайда бәрібір түпкілікті шешімді қарыз берушінің шешетіні тағы белгілі. Сарапшылардың айтуынша, қырғыз қазынасы нағыз қиындықты 2025 жылы сезінбек. Себебі, сол жылы несие бойынша жеңілдетілген мерзім тәмам болып, Қырғызстан негізгі қарызды және үстеме пайызды төлей бастамақ.

Вануату аралдық мемлекетінің қарызды өтей алмауы себепті Оңтүстік-Тынық мұхиты аймағында әскери базасын тұрғызды. Қытай тарапы Эспириту-Санто аралындағы порт құрылысы үшін 270 млн доллар бөлген. Бұл сол елдің жалпы сыртқы қарызының тең жартысын құраған.

"Акчабар" қаржылық порталына сұхбат берген экономист Самюэл Паркер қарызды төлеудің бірнеше нұсқасы бар дейді.

"Біріншісі – тікелей төлем. Ол үшін үкімет салық мөлшерін арттыруы мүмкін немесе білім беру саласынан ақша алады. Екіншісі – Шри-Ланка мысалы бойынша. Қытай Шри-Ланканың портын ұзақ мерзімге алды және табысын көріп жатыр. Ал бізден Қытайға не керек болуы мүмкін? Менің ойымша, олар үшін біздің пайдалы қазбалары бар минералды ресурстарымыз қызық болатын шығар. Үшіншіден, қарыздың бір бөлігін қайта құрылымдауы мүмкін. Бірақ бүкіл қарызды кешірмейді", - дейді экономист.

Бейжіңге 16 млрд доллар қарызы бар Пәкістан 2015 жылы "Гвадар" портын Қытайға берді. Ұзақ мерзімді келісім аясында Қытай порттан түскен табыстың 91 пайызын алады.

Қазақстан да Қытай қарызынан кенде емес. Қауіпті аймақтағы 8 елдің қатарына кірмесек те, соларға жете қабыл төңіректе жүрміз. Бұл жайлы ресми ақпаратты бір жыл бұрын, сол кездегі қаржы министрі Әлихан Смайыловтың аузынан естідік.

"Қытай алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ, тек кепілдендірілген қарыз бар. Оның көлемі – 1,2 млрд доллар. Бұл қаражат Қытай Эксимбанкінен және Қытай мемлекеттік даму банкінен автожолдар жобасын жүзеге асыру үшін алынған", - деді экс-министр.

Оның айтуынша, кепілдендірілген несиенің ерекшелігі – ол ұлттық компаниялардың қарызы болған соң, үкіметтік қарызға саналмайды. Бірақ мемлекеттің кепіл болуымен алынады.

Америкалық The National Bureau of Economic Research аналитикалық орталығының дерегіне сүйенсек, Орта Азия елдерінің Қытайға қарызы ЖІӨ деңгейінде былай көрініс табады: Қырғызстан – 30,5 %, Тәжікстан – 16,1 %, Түркіменстан – 13,4 %, Өзбекстан – 7,5 %, Қазақстан – 3,6 %. Зерттеушілердің айтуынша, «Қытай несиені қаржылық табыс тұрғысынан бермейді, олардың көздегені – шикізат пен геосаяси ықпал мәселесі». Мақаламызға бұдан артық түйін іздеп тыраштанудың да қажеті шамалы

сияқты.

Дайындаған Абай Аймағамбет

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр