AAPL
130.46 $
-1.31 %
TSLA
623.31 $
7.19 %
NDAQ
175.8 $
-3.84 %
GOOGL
2402.22 $
-24.61 %
FB
329.66 $
-6.41 %
FRHC
60.68 $
-0.91 %
AAPL
130.46 $
-1.31 %
TSLA
623.31 $
7.19 %
NDAQ
175.8 $
-3.84 %
GOOGL
2402.22 $
-24.61 %
FB
329.66 $
-6.41 %
FRHC
60.68 $
-0.91 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың нанын жеген адам тілін де үйренсін!": Асылы Осман тіл мәселесі туралы

Мамырдың алғашқы күні - Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі. Осы мереке қарсаңында Stan.kz тілшісі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Османмен сұхбаттасты. Асылы апай сұхбатта "қазақтың нанын жеген адам тілін де үйренсін" деген пікірін қадап айтты. Оның айтуынша, ұлтты ұлт ететін тілі ғана. Қоғам қайраткерінің Қазақстан халық ассамблея туралы да айтары бар. 

Тіл жанашыры Асылы Осман қазақ тілі өз елінде жетімсіреп тұр деп қынжылады. 

"Тіл - ұлттың жаны. Ұлтты ұлт етіп сақтайтын осы - тілі. Менің қазағым кімге ұқсамайды: моңғолға да ұқсайды, кәріске де ұқсайды. Бірақ солардан айырып тұратын, қазақты қазақ ететін - тілі. Сондықтан тілді бірінші орынға қоюымыз керек. Өйткені, қазақ тілі Қазақстаннан басқа жерде қолданылмайды, оларға керек те емес", - дейді ол.

Қазақ тілінің абыройы артуы үшін тілге ең алдымен қажеттілік керек екенін ескертеді. Және қазақ тілін үйренуді дұрыс талап етуіміз керек екенін айтады. 

"Неге біз талап қоймаймыз? Мысалы, қызметке аларда орыс тілі мен шет тілін сұраймыз. Бірақ қазақ тілін емес. Тілдің қажеттілігі болуы керек, сұраныс болуы керек, талап болуы керек. Содан кейін орта қалыптастыруымыз керек. Тілді өмірдің барлық саласында қолдану керек. Сәкен Сейфуллин: "Тіл ауыз ішінде, оны шығаратын кез келді" деп айтып кеткен. Бұл таңдайда тұрған ет тілді айтып тұрған жоқ. Адамдар арасындағы қарым-қатынас тілін шығаратын кез келгенін сол баста ескерткен. 

Тіл десе күйініп кетемін. Қазақ тілі VІІ ғасырда алып арабқа да, ХІІІ ғасырда тегеурінді моңғолға да, ХІХ-ХХ ғасырда ормандай орысқа да төтеп беріп, өзін сақтай білген. Қазақ тілі құрып кетеді деп қорықпаймын, соңғы қазақ өлгенше өмір сүреді. Бірақ қазақ өз топырағында, өз елінде мемлекеттік тіл болғаннан кейін, мемлекеттік дәрежеде өз тұғырында қонуы керек", - дейді ол. 

Асылы Осман өз тіліміз өз дәрежесінде болмаса, қайтіп дамыған ел қатарына қосыламыз деп ашынады. 

"Мен үнемі айтамын: тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ұлттың бүгінін ертеңіне сабақтастыратын көкейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. 

Ана тілін білмеген қыз бала ана болып жарытпайды дейді. Не деген философия?! Қазіргі қыздар бала тілі шыққаннан басқа тілді үйретіп әлек болады. Содан кейін тілді біліп қана қою аздық етеді. Оны түсіну керек. Түсіну де аз, қабылдауымыз керек. Қабылдау да аз орындауымыз керек. Сол кезде ғана толық адам боламыз", - деп кесіп айтты ол. 

- Соңғы жылдары Қазақстан халық ассамблеясының қажеттілігіне күмән келтіріп, ұйымның жабылғанын қалайтындар көбейіп кетті. Басқа бір де бір елде мұндай ұйым жоғын алға тартып, ассамблея қазақ еліне де керегі шамалы деп жүргендер көп. Осыған сіз не дейсіз?

- Ассамблея туралы айтқым келмейді. Онсыз да сүтке тиген мысықтай болып отырмын. Себебі ассамблеяның құрылғаны керек, бірақ ол қоғамға қызмет етсін деген ой менікі. Ассамблеяның жыры туралы әбден айтып, жазып таусылған адаммын. Ассамблея туралы айтсам, жанымды жеп айтамын. Олар сосын менің жанымды жейді. Бірақ көпке топырақ шашпаймын. 

Ассамблея жұмысына қарсымын деп айтпаймын, бірақ жүйесі дұрыс емес. Ассамблея елдің басын теңестіруге керек, бірақ ассамблеяны қазақтың төңірегіне ұйыстырып, қазақтың мүддесін қорғайтындай, асқақтататындай ету керек. Ол ұйым қазақтың мемлекеттің тілін көтеруге үлес қосуы керек. 

- Соңғы жылдары ұлтаралық кикілжіңдер көбейіп кетті. Сіздің ойыңызша мұның астары неде?

- Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Бір түсінбестік болған соң осындай қақтығыс болған шығар. Не нәрсенің болсын алдын алуымыз керек. Не себептен сондай жағдай болғанын анықтау керек. Біз істің салдарынан бастап кетеміз. Сонша адамның өлімі, соншалықты дүниенің қирауы кімге жақсы?!

Содан кейін біз халыққа жақын болуымыз керек. Халық арасында болуымыз керек. Оның мұңын жеткізе білуіміз керек. Жан дүниесін түсіну керек. Тілдесіп, сөйлесіп ел арасында болу керек. Не үшін қазақ "Әкім бол, халқыңа жақын бол" дейді. 

Қоғамдық ұйым бар, ассамблеясы бар - бәрі толып жатыр. Бірақ қоғамға келтіріп жатқан пайдалары қайсысы? 

- Алдағы мерекеге байланысты байланысты ыстық лебізіңіз болса ...

- Мереке көп. Әр мерекенің өзіндік алдына қойған мақсаты бар. Алдымыздағы Бірлік мерекесінің орны бөлек. Бұл мерекеде дініне де, тіліне де, дініне де қарамай, ажыратпай, барлығымыз тойлаймыз. Бұл мерекенің менің түсінігімде ерекшелігі сонда. Мені тазалығым, адалдығым үшін халқым жақсы көреді. Менің бақытым сол. Қазақтың үлкені де, кішісі де жақсы көреді, өз перзентіндей бауырына басады, басымнан сипайды, маңдайымнан иіскейді, туғанындай қабылдайды.  

Бірлік мерекесі - барлығымызды біріктіруді насихаттайтын ғажап мереке. "Бірлік бар жерде, тірлік барын" ұмытпайық.

Барша қазақстандықтарға бірлік мерекесі құтты болсын! Бірлігіміз бекем болсын, ынтымағымыз арта берсін, құдайым мына бәле-жаладан ертерек құтқарып, бір-біріміздің жүзімізді көретін күнге аман-есен жеткізсін. Еліміз тыныш болсын!

Айта кетейік, Асылы Әлиқызы - қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Парасат ордені" мен "Тіл жанашыры" құрмет белгісінің иегері.

Ол 1941 жылы Грузияның Ахалкалак ауданында Хавет ауылында дүниеге келген. 1944 жылы қараша айында отбасы Қазақстанға жер аударылады.

1957 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Жаңаталап жетіжылдық орта мектебін бітірген.

1957 - 1961 жылдары Түрікстан педучилищесінде оқып, оны бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша аяқтады.

1963 жылдан 1967 жылға дейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, оны қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірді.

1973 жылы Қазақ ҰҒА тіл білімі ин-тының аспирантурасын бітірген.

Ол қазақ тілі жөнінде жазылған көптеген ғылыми кітаптар мен сөздіктердің авторы. Осы тақырыпта баспасөз беттерінде 200-ден аса ғылыми және аударма мақалалары жарық көрген. Асылы Әлиқызы Осман қазақ тілін дамыту, оны шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізу ісіне белсене ат салысып жүрген белгілі қоғам қайраткері.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр