Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкесі мен сегіз баласы бір күнде аштан өлген: Ашаршылық зардабын тартқандар оқиғасы

Қазақстандағы екі ашаршылық кезінде қасірет көрген халық босып кеткен. Халық аштықтың зардабынан жыланның, тасбақаның етін жеген, көмусіз қалған, дейді зерттеушілер. Бұл туралы зұлматты көзбен көргендер  ұрпақтарының оқиғаларынан білеміз. Осы орайда "Әулиеата өңіріндегі ашаршылық – Қазақстандағы қасіреттің бір аймағы" кітабынан ашаршылық уақытындағы қиын-қыстау кезеңнің көрінісін беретін отбасылардың оқиғаларын жинақтадық.

 Бір күнде опат болған сегіз бала мен әке

Райхан Шомаева 1915 жылы Әулие-Ата өңіріндегі қазіргі Байзақ ауданы Ақыртөбе ауылында дүниеге келген. Жүз жасаған кейуана естелігінен ашаршылық кезеңіндегі отбасындағы жағдай жайлы айтады.

Бұл Совет өкіметінің байлармен күрес науқанын қатал жүргізе бастаған уақыт болатын. Райхан Шомаеваның атасы - Өсер мен әкесі - Әлібайдың үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы, жүздеген сиыры болған. Екеуіне де бай-кулактар деген кінә тағылып, бір тұяқ қалдырмай малын, дүние-мүлкін тәркіледі де, өздерін абақтыға жапқан екен. Олардың артында жылап-еңіреп бала-шағасы қалды. Күн көріп отырған малдан, асырап отырған әкеден айырылған соң, олардың жағдайы күннен күнге нашарлай береді. Ішіп-жейтін азық-түлік қоры таусылып, ашаршылықтың күні көріне бастайды. Райханның әкесі Әлібай Ақыртөбе ауылындағы түрмеге қамауға алынғаннан кейін, анасы Тоғайым оған жарытып тамақ апармаса да, жағдайын біліп тұру үшін күнде барады екен.

Бірде күйеуі Тоғайымға жақында қаза болатынын айтып, балаларына қамқор бол деп тапсырады. Жұбайының көріпкелдік қасиеті бар екен. "Ұлдарының бәрі өледі, жалғыз қара қызың" қалады деп болжаған екен. Осылайша, Әлібай әйеліне өз-өзіне берік болуға шақырған. Ертеңінде Тоғайым қайтадан абақтыға барса, өзі айтқандай күйеуі қаза болыпты. Ақыртөбенің шетіндегі үйіне жылап-аңырап келгенде, жалғыз қызы Райхан ғана қарайып отыр, сегіз бала үйден шыға алмай аштықтан келген аурудан түгел қырылып қалған екен. 


"Қазақты түгелдей қырып тастауға мүмкіндік болды": Тарихшы-ғалым Қазақстандағы ашаршылықтың жаңа қырларын айтты 


Бейшара ана жалғыз өзі шырылдап жүріп, бойжетіп қалған қыздарынан, ер жетіп қалған ұлдарынан бір күнде айырылған соң, Райханды арқалаған күйінде үйден безілдеп, шығып кетеді. Сол шыққаннан Сәмбет деген жердегі Әлібайдың қарындасының балалары тұратын елге жол тартады. «Соларға барын паналайық, тым болмаса осы қызымды аман алып қалайын» деген оймен сонда келеді.

Райханның айтуынша, анасы - адуын мінезді, дене бітімі ірі, қайратты әйел болған екен. Сөйтсе, барған жерінде де халық малдан жұрдай болып, биліктің озбырлық қыспағына түсіп, ішіп-жейтін тамақ болмай аштықтың құрсауына ілініпті. Алайда өлместің күнін көріп жарты ай солармен бірге күнелтіп жүреді де, бір күні Тоғайым қызын ағайындарына қалдырып, өзі бір тамағын асырау үшін жұмыс істеуге кетеді. 

Көп ұзамай Райханның анасы өзінің қайнысына тұрмысқа шығады. Ауылдың қариялары "бұл бұрынғының салты екеуің екі үйде отырасыңдар ма, одан да бір-біріңмен жалғасып күн көріңдер" деп үйлендіріп, бастарын бір шаңырақтың астына қосады. Осыдан кейін Тоғайым қызын алып кетпек болғанда, Райханды тәрбиелеп жүрген әкесінің қарындасы бермепті.

Райхан жастайынан пысық, шаруаға бейім, еті тірі қыз болған екен, сол үйдегі апасы қыздан айырылғысы келмей, өзінің тәрбиесіне алады. Бойжеткен соң, әкесінің қарындасы Тоғайымға "сүйек жаңғыртайық" деп өз босағасына келін етіп түсіреді. Нәметқұл есімді ер азаматқа Райхан 16 жасында тұрмысқа шығады. Содан ауылдағы кейбір ағайындар "жас қыз алды" деп оны өкіметке жеткізіпті. Сөйтіп, жары Нәметқұлды екі жылға соттатып жібереді. Түрмеден келісімен бірден соғысқа аттанады. Екеуі бас қосып үш жыл ғана бірге өмір сүріпті. Бір жыл майданнан хат келіп тұрған. Одан кейін хат келмеген, Нәметқұл өлі ме, тірі ме бүгінге дейін хабар болмаған, дейді Райхан Шомаева естелігінде. 

 

Құрбан болғандарды ауыл сыртындағы зиратқа апарып көмуге де шамасы келмеген

Байзақ ауылы, Әбдібай ақсақал өз естілігінде балалық шағының ауыр болғанын айтады. Ашаршылық жайлы әкесінің аузынан естіген әңгімелердің өзі денені тіркендіретін, дейді ол.

"Қазір жасым тоқсанға жақындап қалды. Балаларым өсті, немерелерім жетіліп келеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары 7-8 жасар бала едім. Бүгінде өткен өмірімді жиі еске түсіремін, бәрі ойға оралады, қызығы да, қиындығы да көп болды. Ал шындығын айтсам, біздің балалық шағымыз үнемі үрей үстінде өтті. Анда-санда әке-шешем айтып қалатын ашаршылық жайлы әңгімені естігенде жаным түршігетін. Орыстардың "Беда не одна приходит" дегені сияқты сол жылдары елде қуаңшылық болып, егін шықпай қалыпты", - дейді Әбдібай ата.

Әулие-Ата жақтан Кеңес өкіметінің өкілдері көріне қалса, ауыл адамдары жанұшыра азын-аулық бидайын, ұнын, тағы басқа да азық-түлігін жасыруға жанталасады екен. Өйткені көршілес ауылдарда өкімет уәкілдері қолдағы бар азық-түлікті тартып алып жатқанын естіген.

"Ес біле бастаған шағымда әкемнің айтқан әңгімесінің шет жағасын естігеннің өзінде зәрем ұшатын. Ауыл айналасындағы төмпешіктерді басып өтпеуімді ескертіп қояды. Бұл аштықтан өлгендерді жинап алып, көмген жерлер екен. Әбден әлсіреген елдің ашаршылықтың құрбаны болған жандарды ауылдың сыртындағы зиратқа апарып көмуге де шамасы келмеген. Қолында аз ғана мүмкіншілігі бар адамгершілігі мол, иманды жандар өкіметтің шолақ белсенділерінен жасырып, ашығып жатқан жұртқа көмек беруге әрекет жасаған екен.

Мысалы, колхоздың бидай жинайтын қойма күзетшісі Секер деген кісі саптама етігінің қонышына бидайды сиғанынша тығып алып ауылдастарына таратып отырған. Егер мұны біліп қойса, сол кездегі қатал заң бойынша Секерді халыққа көмектескені үшін "халық жауы" деп, өлім жазасына кесер еді. Кеңестік жүйенің осындай сұрқия саясаты болған. Өміріне қауіп төнетінін білсе де, қарапайым адамның елге жаны ашып жасаған ерлігі емес пе? Секердің жанашырлығы болмағанда, бүкіл ауыл қырылып қалатындай жағдайда болыпты. Қандай зұлымдық болған десеңші, қоймада астық бола тұра аштықтан өлейін деп жатқан адамдарға бір түйір дән де берілмепті. Соның өзінде шолақ белсенділер қора-қораны тінтіп, елдің қолда ұстап отырған бір-екі ешкісін, тіпті тауықтарына дейін тартып алып отырған", - деп еске түсіреді ол.

Өз аулы Әулие-Ата теміржол стансасына жақын орналасқандықтан, ауылдың кейбір адамдары жан сауғалап теміржол бойын жағалаған. Бойларында күш-қуаты барлар сол жерден жұмыс тауып, өлместің күнін көрген. Ауыр еңбекке шыдай алмай жан тәсілімін бергендер де көп болыпты. Теміржол бойында өліп қалған жандарды өкіметтің арнаулы жасағы күнде жинап, қаланың сыртына апарып бір шұңқырға көміп тастайды екен.

 

Қасқырларға қызын қалдырып, қашқан

Филология ғылымдарының докторы, професссор Мекемтас Мырзахметовтың балалық шағы ашаршылық зұлматымен тұспа-тұс келген.  Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы 9 мамырда Жуалы өңіріндегі Майтөбе аулында (қазіргі Түлкібас ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы) орта шаруа отбасында дүниеге келген.

Ол анасынан естіген және өзінің жадында еміс-еміс қалған ашаршылықтың қасіреті жайлы анасы бала кезінде қыңырлық таныта бастаса болды, "Қап, сонда сені тастап кеткенімде жөн болатын еді" деп айта беретінін еске алады.

"Бұл сөздерді оның күңірене айтатыны соншалық, мен амалсыз тыныш қалатынмын. Он бес жасқа келгенде анамнан сол бір жұмбақ сөзді әрдайым неге айтатынын сұрамақ болдым. Бұл оның қайтыс боларынан бір жыл бұрын болған еді. Шешем көз жасын сүрте отырып, мына жайтты баяндады.

1933  жылдың ерте көктемі. Аштық аулымызды түгелдей дерлік жалмап кеткен ең бір қасіретті шақ екен. Шешеміз ажал тырнағынан қашып, көрші қыстақтағы туыстарына кетпек болыпты. Кішкене қарындасымды қолына көтеріп, етегінен ұстаған екі жасар мен қасындамын, жолға шығыпты. Ауыл шетінен колхоздың бақшасы басталатын. Жалғыз аяқ соқпаққа түскеніміз сол екен, алдымыздан ұялы қасқыр шыға келіпті. Жүз шақырымға дейін айнала төңіректе, ол кезде үй малы әлдеқашан біткен, сондықтан да аш қасқырлар топтасып алып, әр жерде адамдарға шабатын болыпты. Бұрын мұндайды ел естіп-көрмеген екен", - дейді ол.


80 мың этникалық қазақ қоныс аударады: Қазақстандықтарды солтүстікке не үшін көшіріп жатыр, бұл қалай жүзеге асырылуда? 


Анасы айғайлап, жұртты көмекке шақырған, бірақ жақын маңда ешкім болмапты. Осы жағдайда Мекемтас Мырзахметовтың анасы өміріндегі ең қиын әрі ауыр шешім қабылдайды.

"Қасқырлар жайлап жақындап, қаумаламаққа көшеді. Шешем қатты қысылады, не қасқырлар бәрімізді паршалап тастайды, не ол балалардың бірін қалдырып, екіншісімен қашып құтылуға әрекеттенуге тиіс. Қызын жерге қойыпты да, мені көтеріп, кері қашыпты. Ауылдан адамдар ертіп, жаңағы жерге келсе, қарындасымнан ештеңе де қалмапты. Жанбай жатып сөнген сол қарындасыма мен өмір бойы қарыздармын, - дейді Мекемтас Мырзахметов.

Анасының әңгімесінен кейін, мені неліктен қалдырмадыңыз деп сұраған ол, "ұл қажеттірек болды ғой..." деген жауап алған.

"Дегенмен аяулы анамның өмір бойы қандай қайғылы сезімнен арыла алмағанын, өзі туралы не ойлағанын түсінудің өзі мүмкін емес. Бәрі де қарғыс атқыр аштықтың кесірі", - дейді ол.

Мекемтас Мырзахметов бұрынырақ тілшілерге берген сұхбатында 1933 жылы көктемде адамдарға тұқымдық астықты бермегенін, ал берген жағдайда сөзсіз жеп тауысатынын айтқан.

"Дәл сол жылы ұшақтың егістік алқаптары үстінде арлы-берлі ұшып, астықты қалай сепкені де есімде. Ұшақ бұрылыс жасап, бидай қалыңдау түскен жерлерге әбден ашыққан адамдар тауықша үймелесті. Көп адам...", - дейді есіне алып.

Талқылау