Аша Матай күйеуіне ұл сыйлауды армандап жүр
15 жылдан бері халықтың алдында жүрген Аша Матай сан қырынан танылды. "Біржан сал" фильмінде басты рөлдердің бірін сомдап, актриса ретінде танылды. Кейіннен ән айта бастады. Ал бүгінде тележүргізуші ретінде танымал.
Мұны Аша басына қонған бармақтай бақ деп санайды. Бұл туралы ол Аман Тасығанның TalkLike жобасында айтты, деп жазады Stan.kz.
"Әр адам басына бақ қонған сәтті сезіну керек. Аллаға шүкір, бұл бақты қашанда бағалап келе жатқан сияқтымын... Мен өзімді бақытты сезінемін. Көп үлкен белестерді бағындырдым деп айта алмаймын. Бірақ кез келген қадамға қуанамын. Кез келген өмірдің сыйын қабылдай аламын", – деген Аша мұның барлығы бірінші Алланың, екінші ата-анасының арқасында болғанын айтты.
Бұдан бөлек, тележүргізуші қайын жұртының өнерге деген көзқарасы жайлы сөз қозғады.
"Менің отбасым түсінді. Қоңырбаевтар әулетіне келін болып кім түсіп жатқанын білді. Сондықтан тыйым қойған жоқ. Арман кей кездері артқа тартып тұрады. "Келінсің, анасың, менің жұбайымсың", – деп тұрады. Ол ер азаматқа тән қасиет деп ойлаймын. Біріншіден, қызғаншақтық, екіншіден "тәйт" деп тұру керек деп ойлаймын. Оған көнемін. Көнбеймін деп айта алмаймын, бірақ "басқаша болса қайтеді?" деп әйелдік харизмамды қосатын кездер болады.
Бірақ "жоқ" десе “жоқ қой", – дейді Аша.
Сондай-ақ Аша Арманға ұл сыйлағысы келетінін жасырмады.
Айта кетейік, жұлдызды жұп Арман мен Ашаның Асылым және Айым атты екі бұрымдысы өсіп келеді.