Арқалықтың 70 жылдығы: Қалада заманауи вокзал ашылып, жаңа әуежай салынып жатыр

Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Мерейтой аясында Қостанай облысының XXXIX жазғы спартакиадасы өтіп, жаңартылған теміржол вокзалы іске қосылды. Ал соңғы жылдары қала экономикасына 110 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.
Мерейтой Арқалықтың инфрақұрылымындағы өзгерістермен де тұспа-тұс келіп отыр. Қалада жаңа әуежай салынып жатыр. Ол сағатына 70 жолаушыға дейін қабылдай алады. Әкімдік мәліметінше, әуежай Торғай өңіріндегі 80 мыңнан астам тұрғынның көлік қатынасын жақсартып, 136 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, күрделі жөндеуден өткен Арқалық теміржол вокзалы қайта ашылды. Вокзалдың аумағы 1,7 мың шаршы метрден 2,4 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жолаушылар тасымалы үшін жаңа вагондардан құралған "Нұрлы жол – Арқалық" пойызы іске қосылды.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласында жаңғыртылған теміржол вокзалының ашылуында оның өңір үшін маңызын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жаңа вокзал – қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
"Қаланың 70-жылдық мерейтойында жаңарған, заманауи теміржол вокзалы өз есігін айқара ашты. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба емес, бұл Арқалықтың қайта түлеуінің, Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту саясатының жарқын көрінісі! Арқалық – әрқашан еліміздің өндірістік әлеуетінің тірегі, рухы биік замандастарымыздың мекені болған. Бүгін біз қаламыздың жаңа даму кезеңіне қадам басып отырмыз. Өңірдің көлік инфрақұрылымын модернизациялау – ең алдымен халыққа сапалы, жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету үшін жүзеге асырылды”, – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, 1972 жылы салынған Арқалық теміржол вокзалы толық жаңартылды. Ғимараттың ауданы 1 772-ден 2 400 шаршы метрге дейін ұлғайып, заманауи қауіпсіздік және энергия тиімділігі талаптарына сай жабдықталды. Жоба аясында вокзал мен инженерлік желілерді жаңартуға 1,3 млрд теңге, ал вокзал маңын абаттандыруға облыстық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді.
"Жаңартылған вокзал жолаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қазір станция арқылы 8 пойыз, оның ішінде Астана, Қостанай және Шұбаркөл бағытында 4 қала маңы пойызы қатынайды", – деді Құмар Ақсақалов.
Бұдан бөлек, мерейтойлық бағдарламаның алғашқы күнінде мемлекет қайраткері, тарихшы әрі этнограф Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына арналған еске алу кеші ұйымдастырылды. Шараға оның туған жері Түркістан облысынан арнайы делегация келді.
Кеш барысында Өзбекәлі Жәнібек бастамасымен құрылған "Шертер" фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ қала тарихына арналған "Арқалықтың арайлы таңы" спектаклі қойылды. Жәнібектің есімін қаладағы көшелердің біріне және мектепке беру туралы ұсыныстар да айтылды.
Мерейтойдың екінші күні Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған "Жасампаз дәуірдегі жаңғырған қала" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция барысында қаланың өткені, бүгіні мен болашағына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Спорттық жарыстар жалғасып, қазақ күресінен республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталды. Сонымен қатар ипподромда ұлттық ат спортының көркі саналатын "Құнан", "Топ" және "Аламан" бәйгелері ұйымдастырылып, жанкүйерлердің зор қызығушылығын тудырды.
Кешке орталық "Наурыз" алаңында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен "Арқалық – болашақтың қаласы!" атты гала-концерт өтті. Мерекелік бағдарлама отшашумен және көпшілік би кешімен аяқталды.
Соңғы жылдары Арқалық экономикасына 110 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның шамамен 70 пайызы – жеке инвестициялар.
Өңірде құс фабрикасын жаңғырту, жаңа құс қоралары мен жем зауытын салу, 10 мың басқа арналған қой шаруашылығы кешенін және 6 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланған.
Үш күндік ауқымды іс-шаралар Қостанай облысының XXXIX облыстық спартакиадасының жабылу салтанатымен қорытындыланды.
Арқалықтың 70 жылдық мерейтойы қаланың бай тарихын, ұлттық құндылықтарға деген құрметін және өңірдің мәдени-спорттық әлеуетін айқын көрсеткен маңызды оқиға болды. Мерекелік іс-шаралар мыңдаған тұрғындар мен қонақтардың басын қосып, қала өміріндегі жарқын белестердің біріне айналды.