"Арнайы күзет пен снайперлер жалдаған": Иранның қоқан-лоқысына байланысты Трамптың қауіпсіздігі күшейтілді
Дональд Трамптың қауіпсіздігі күшейтілді. Себебі оған сенбі күнгі қастандық әрекетінен бөлек, бірнеше апта бұрын Иран тағы бір қастандық әрекетін жасамақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Sb.by
CNN және CBS телекомпанияларының мәліметінше, америкалық барлау маусым айында ирандықтардың Трампты өлтіруге дайындалып жатқаны туралы ақпарат алған. Осыған байланысты Құпия қызмет экс-президенттің қауіпсіздігін күшейткен. Ол үшін қосымша күзетшілер, снайперлер мен арнайы техника жалдаған.
Алайда 20 жастағы Томас Мэттью Крукстың күшейтілген күзетке қарамастан Трамптан 130 метр жерде орналасқан ғимараттың төбесіне қалай шығып кеткені түсініксіз.
Американың барлау қызметі Крукс қастандығы мен ирандықтардың жоспары арасында қандай да бір байланыс бар жоғын хабарламады.
Тегеран Трампты Ислам революциясы гвардиясы құрамындағы "Әл-Құдс" элиталық арнайы күштерінің қолбасшысы генерал Касем Сүлейманиді өлтірді деп айыптады. Сүлеймани 2020 жылдың қаңтарында Бағдадта ұшқышсыз ұшақтың соққысынан қаза тапқан еді.
Фото: BBC
Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Адриен Уотсонның айтуынша, барлау қызметкерлері Иранның Трампқа қарсы қоқан-лоқыларын бірнеше жылдан бері бақылап келе жатыр.
"Бұл қоқан-лоқы Иранның Сүлейманиді өлтіргені үшін кек алу ниетімен байланысты. Біз мұны ұлттық қауіпсіздік пен ішкі қауіпсіздік мәселесі деп санаймыз", – деді Уотсон.
Иранның БҰҰ жанындағы миссиясы CNN және CBS телекомпаниялары таратқан хабарды дәлелсіз деп тапты. Сонымен бірге Дональд Трампты Иранның көзқарасы бойынша жазалануға тиіс қылмыскер деп атады.
АҚШ Құпия қызметінің өкілі Энтони Гульельми Иранның Трампқа қарсы қастандық жасау әрекетін дайындап жатқаны туралы ақпаратты растамады. Бірақ жоққа да шығармады. Тек Құпия қызмет пен барлау агенттіктері ықтимал қауіптер туралы ақпарат алып, тиісті шара қолданатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Пенсильвания штатында сайлауалды науқанда сөз сөйлеген АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың өміріне қастандық жасалған еді. Федералды тергеу бюросы хабарлаған 20 жастағы Томас Мэттью Крукс есімді күдікті науқан өткізілген аумақтан жүз метрдей жерде орналасқан үйдің шатырынан АР-15 жартылай автоматынан оқ атқан. Атыс нәтижесінде митингке келушілердің бірі қаза тауып, тағы екеуі жараланған.