"Армян нөмірлі көліктерімізді тіркемейміз": Қазақстанның бірнеше қаласында жүргізушілер шеруге шықты
31 қаңтар күні Қазақстанның бірнеше қаласында Армения, Қырғызстан нөмірлерімен жүрген көлік жүргізушілері шеруге шықты. Алматыда орталық алаңға келген азаматтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраса, еліміздің солтүстігі мен шығысында қатты аязға қарамай жиналған жүргізушілердің талаптары қатаң. Олар шетелден әкелген көліктерді елде қалдырып жеңілдікпен тіркеп берсін дейді. Ал кейбірі өзге елден жеткізілген темір тұлпарларға уақытша берілетін сары түсті 18 нөмірін тағудан түбегейлі бас тартпақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Өскемендегі шетелдік көлік иелері қаланың орталық алаңындағы Абай ескерткішінің жанында жиналды. Бәрінің де қойған талаптары біреу: әкелген көлігімізді өзімізде қалдыруға мүмкіндік берсе екен дейді.
Қазақстанның әрбір қаласында 31 қаңтар күні сағат түскі 3-те жиналуды уағдаласқан елді полиция қызметкерлері қарсы алды. Арнайы автобус келіп, оларды аңдып отырды. Ал жиналған жүргізушілер тәртіпті бұзбай, тек кездесуге келген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өз өтініштерін жеткізді. Тәртіп сақшылары президент берген пәрменнің қалай да орындалатынын айтып, дұрыс түсіндіруге тырысты. Алайда жиналғандар қойған талаптарынан қайтпайтындарын айтады.
"Нақты талабымыз көліктерімізді заңдастыру немесе Қазақстанға кірген машиналар елімізде ешқандай кедергісіз жүруді сұраймыз. Еуродақтың заңымен жүре берсін. Көлік тозғанша айдалуына кедергі келтірілмесін, біздің талабымыз осы", - деді Өскемен қаласының тұрғыны Данияр Жанғұдиев.
Ал Петропавлда жүздеген автокөлік иелері спорт сарайының ғимаратына жиналды. Олардың қолдарында ұсыныс хат та бар екен. Бұл хатты Ішкі істер министрлігіне жолдамақшы.
"Олар осылайша мемлекет бюджетін біздің ақшамыз арқылы көбейткілері келеді. Біздің арамызда әлсіздер бар екендігін пайдалануда. Біздің жақындарымыздан қарызға ақша алса да, ақша төлейтінімізді біледі", - деді ғимаратқа жиналған азаматтардың бірі.
Депутаттар, полицейлер мен прокуратура органдарының қызметкерлері де спорт сарайына келген. Олар көпшіліктің ұсыныстарын тыңдап, халықты ұстамды болуға шақырды. Ашулы топ президент айтқан пікірмен де келіспейтіндіктерін, көлікті тіркеу үшін бір жылдың ішінде миллион теңгені жинау мүмкін еместігін де айтады. Халықтың қалтасы көтеретін сомаға көлікті тіркеуге мүмкіндік беруді талап етті. Көлік иелері егер олардың шарттарын оырндамаса, Жоғарғы сотқа немесе Еуразиялық Экониомикалық одақ сотына дейін шағымданатындарын айтады.
"Бір жыл аяқталғаннан кейін қолымыздағы көлікті тартып ала бастаса, сонда мемлеткет қайда қарап отырады. Қазір билік нақты бір шара қолданбаса білмеймін. Халықтың көп бөлігі миллиондаған сомаға көліктерін тіркей алмайды. Қымбат көліктерді сатып алуға да шамалары жетпейді", - деді Петропавл қаласының тұрғыны Вячеслав Глухих.
Атыраулық көлік иелері бұл жолы облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар осымен төртінші апта өздерінің наразылықтарын білдіруде. Жүргізушілердің талабы - елге кірген Армяния елінен келген көліктерге жеңілдік жасап тіркеп беру. Осы жан айқайлары билікке жетсе дейді.
Атыраулықтарға облыс әкімінің орынбасары шықты. Заңға бағыну керек деп, басу айтпақшы болған шенеуніктің сөзі наразы жұртты сабырға шақыра алмады. Ал азаматтар осы жағдайдан кейін отбасымыздың берекесі қашып, өзіміз күйзеліске түстік дейді.
"Мен көпбалалы әкемін. Көлігім арқылы нан тауып, отбасымды асырап отырмын. Бар мүмкіндігім осы. Барлығының жағдайы да сол", - жүргізуші Қалыбай Егізбаев.
"Бәрімізге де заң ортақ. Сіздер де, біздер де заңды сақтауымыз керек. Сондықтан қазір бір-бірімізбен дауласқанымызбен ешнәрсе шешілмейді. Сол үшін сотқа жүгіңіздер, бізде сол жерге барамыз", - деді Атырау облысының әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев.
Әкімдік алдына жиналғандардың айтуларынша, алаңға шығып өз талабын білдіріп жатқан азаматтарға құзырлы орган тарапынан қысым көрсетіліп жатқан көрінеді.