Арызы қабылданбаған: Алматыдағы бардың күзетшісінен зорлық көрген келіншек Тоқаевтан көмек сұрайды
Алматыда бар қызметкерінен зорлық көрген Ұлжан полиция мен прокуратура қызметкерлерінің немқұрайлылық әрекетін айыптап, президенттен көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Алматыда тамыз айында бардың күзетшісі 30 жастағы келіншекті зорлады деп айыпталуда. Алайда жәбірленуші полицейлер мен прокуратура қызметкерлері істі қабылдамай отыр дейді. Тіпті оған арызын қайтарып алуға үгіттеп, оны қорқытқан.
Барлық ұсынылған дәлелдер мен негізгі сараптамаларға қарамастан, Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы оған сенуден бас тартты дейді ол.
“Мен анамын, ананың құқығы елімізде қорғалуы тиіс. Мен жыныстық зорлық-зомбылық қана емес, енді моральдық зорлық-зомбылықтың да құрбаны атандым. Құқық қорғау органдары маған қысым көрсетіп, зорлық көрсеткен адамға сеніп отыр”, – деді жәбірленуші.
Айтуынша, прокуратура ер адамның пышағын тәркілеп, 15 күннен соң оны босатып жіберген. Тіпті келіншектің арызын қабылдамай, ер адамды күдікті деп танудан бас тартқан.
“Олардың логикасы бойынша оларды сендіруім үшін сол кезде, қаскөйдің мені зорлағанын, пышақпен бопсалағанын видеоға түсіруім керек екен. Олар арызды қабылдаудан бас тартты, бірақ телеарналарға “тергеу жүріп жатыр” деп өтірік ақпарат таратты”, – деді Ұлжан.
Жәбірленушіге қысым көрсеткен екі полицейдің бірі қызметінен босатылыпты. Бірақ ешқандай жазаға тартылмаған. Ал екіншісіне тіпті ешқандай шара қолданылмапты.
Енді 30 жастағы келіншек Тоқаевқа үндеу жолдап, құқық қорғау органдарындағы келеңсіздіктерді реттеуін сұрайды.
Алматыда бардың күзетшісі қызды пышақпен қорқытып, зорлады деп айыпталғаны айтылды. Оның айтуынша, полиция арызды қайтып алуға мәжбүрлеген.