ArcelorMittalTemirtau-ға иелік еткен Qazaqstan Steel Group қандай міндеттемелерді жауапкершілігіне алғанын жариялады
Қазақстандық Qazaqstan Steel Group (QSG) компаниясы бұрынғы ArcelorMittalTemirtau кәсіпорнына инвестор болғаннан кейін қандай міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алғандарын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетсек, Қазақстандық Qazaqstan Steel Group атынан кәсіпкер Андрей Лаврентьев өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен ArcelorMittalTemirtau активтерін сатып алу туралы келісімге келген болатын.
Компания өкілдерінің хабарлауынша, келісім шарттар бойынша QSG АМТ активтерін 286 миллион долларға сатып алған. Сондай-ақ жыл сайынғы 4 рет тең жарнамен төленетін 450 миллион доллар мөлшеріндегі қаражат кепілді түрде кейінге қалдырылған төлемдерге жасалады.
Сонымен қатар, компания келісім жабылған кезде тағы АМТ-ның өтелмеген 250 миллион доллар топішілік қарызын өтейтінін жеткізді.
Сол сияқты кейіннен 3 миллиардтан астам қаржыны инвестициялау бойынша міндеттемелерді өзіне алады, оның ішінде 1,3 миллиард келесі жылы инвестицияланатын болады.
Ұлттық инвестор қысқа мерзім ішінде келесі міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алып отыр:
- Жұмыс барысындағы ұжымдық келісімшарт пен кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын төлеу жүйесінің сақталуын;
- Өндіріс орнының қауіпсіздігін және экологиялық ахуалын одан әрі жақсарту;
- Өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру;
- Шығарылатын өнім көлемін, номенклатурасын және түрлерін ұлғайту.
Компания кәсіпорынның қызметіне талдау жүргізгеннен кейін нақты мәліметтерді инвестордың ресми өкілдері арқылы береді.