Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аралда қалғандай болдық": Алматы облысындағы саяжайлардың бірінде сел қатынасқа арналған көпірді шайып кетті

Алматы облысындағы Талғар маңында орналасқан саяжай тұрғындары сел салдарынан жұмыс пен мектепке апаратын көпірсіз қалды. Енді тұрғындар қатынасқа арналған көпірді қалпына келтіруді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

көпір

Саяжай Еңбекшіқазақ пен Талғар ауданы шектесетін тұста орналасқан. Ал көпірді бір апта бұрын шайып кеткен екен. Сондықтан саяжай халқы басқа жолмен айналып өтуге мәжбүр. Бірақ онда да жағдай мәз емес. Ойқы-шойқы жолда жаяу шықсаң, бір шақырымнан асады екен. Тұрғындар бұл мәселемен екі ауданның әкімдігіне қатар барғанын айтады.

“Еңбекшіқазақ ауданына барсақ, Талғар ауданына жібереді. Талғарға барсақ, Еңбекшіқазақ ауданына жібереді. Біз екі ортада футбол добы сияқты отырмыз. 1970 жылдан бері саябақ бар, жағдайымыз қиын”, – деді саяжай тұрғыны Бақыт Бақбергенова.

“Біз екі ортада қалып отырмыз. Ешкім көзге ілмейді. Бірінші мәселеміз – көпір. Сел ағызып кетті. Жақында балаларымыз мектепке барады. Аз уақыт қалды. Қалай баратынын білмей отырмыз”, – деп қосты тұрғын Айдар Нұрғазиев.

Анықталғандай, қираған көпір Еңбекшіқазақ ауданында жатқан 18 бірлестіктің аумағында орналасқан, Рахат ауылдық округіне қарайды екен. Жергілікті әкімдік өкілі мәселені қарастыратынын айтты. Ауыл емес, саяжай болғандықтан білек сыбана кірісе алмайтын көрінеді.

“Бұл көпір ешкімнің балансында жоқ. Әкімдіктің де, төтеншеліктердің де қарамағында жоқ. Сұрақтардың бірі – балаларды тасымалдап оқыту. 1 қыркүйекке дейін шешімін табатын шығар деп ойлаймын”, – деді Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Дина Моналбаева.

Талқылау