Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақша сөйлессең, саған біртүрлі қарайды": Қостанай, Қарағанды өңіріндегі салт-дәстүрлер мен халықтың менталитеті қандай?

Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа дегендей, еліміздегі әр өңірдің өзіне тән мінез-құлқы мен салт-жоралғылары бар. Солтүстік өңір тұрғындары салт-дәстүрді қаншалықты ұстайды және өзіне ғана тән қандай ерекшеліктері бар? Stan.kz тілшісі Қостанай, Қарағанды облыстарының тұрғындарымен тілдесіп өздерінен сұрап көрді. 

салт

Қостанай қаласының тұрғыны Күләш Керімбекқызы солтүстік өңірдің өз ерекшеліктері көп дейді. Мәселен, еліміздің оңтүстігінде кең таралған қыз алып қашу дәстүрі теріскейде көп кездесе бермейді екен.

"Қостанай облысында қыз алып қашу деген мүлде жоқ. Қыз бен жігіт үйленуге келіскеннен кейін жігіт жағы ана сүтін, китін береді. Құдалар кит, жеңге көйлек, дорба алып барады және тағы басқа жөн-жоралғылар орындалады. Ал қалыңдық жақ қызды жасауымен ұзатады", - дейді Күләш Керімбекқызы.

Кісі қайтыс болғанда орындалатын жоралғылардың да сол өңірге тән өзгешелігі барын айтты. Қаза болған үйде жақындары есік алдында тізіліп тұрмайтын көрінеді. Үнсіз келіп көңіл айтады, тек әйелдер жағы дауыс шығарады екен.

"Кісі қайтыс болғанда сол үйдің ерлері сырта тізіліп, таяқ ұстап тұрмайды. Дауыстап жыламайды. Үнсіз келіп амандасып, бетіннен сүйіп, құшақтап көңіл айтады. Қайтыс болған кісінің киімдерін жайып қойып, көрсетіп, киімін жұртқа бөліп беру деген салт жоқ. Қыз ұзатқанда да киімін тізіп жайып көрсетпейді. Меніңше біреудің киімін жайып көрсету дұрыс емес деп ойлаймын. Көріп отырған адамға оның не үшін керек болатынын түсінбеймін. Оның өзі бәсекелестік, мақтангерлік сияқты. Жөнсіз деп ойлаймын. Одан кейін кісі қайтыс болғанда жаңадан киім алып жұртқа таратады екен. О дүнеге барғанда киімсіз қалмасын деп. Кейбірі түсіме кірді, аяқ киімсіз жылап жүр екен деп жатады. Бұл да жөнсіз салт секілді. Өйткені о дүниеге барғанда киімсіз бола ма, киіммен болады ма ешкім білмейді", - дейді Күләш Керімбекқызы. 

Айта кету керек, солтүстік өңірдің өзінде бұл салт кейде бір-бірінен өзгешеленеді. Мәселен, бұрынғы Торғай облысында марқұмның киімдерін таратып беру дәстүрі бар. Егер ол қарт болса, көпшілік ырымдап, таласып-тармасып алады. Сондай-ақ жаназа шығарарда қара жамылған үй көңіл айтып келгендерге 100-200 теңге көлемінде орамалмен қосып беріп, садақа үлестіреді.

"Тойдағы тағы бір ерекшелік тойға құданың құдасы, жиеншар деген алыс туыстар шақырылмайды. Тойға 200 адам шақырылса, көп болып есептеледі", - дейді ол.

Оңтүстік өңірде ең кемі 200 адам шақыралатын болса, солтүстік өңірдің тұрғындары мұндайды қажет деп таппайды. Тек ет жақын туыстарымен қуанышын бөліскенді дұрыс деп есептейді.

Қостанай өңірінде тілге қатысты кемістік барын жасырмайды.

"Қазақ пен қазақ кездессе, бірінші орысша сөйлесеміз. Қазақша сөйлессең саған біртүрлі қарайды. "Мынау орысша білмейді екен" деп ойлайды. Ал әңгіме барысында қазақша сөйлесең, қарсыңдағы адам да қазақша сөйлей бастайды. Танымайтын адамдармен қоғамдық орында орысша сөйлесуге тура келіп қалады. Бала бақша мектеп бәрі орысша сөйлеседі", - дейді ол.

Қарағандылық Гүлсара Қоңырбайқызы өз өңіріне қатысты бірқатар ақпартты айтты. Қарағандылықтар салт-дәстүрді берік ұстанбаса да, қонақжай деп марқайып қалды. 

"Мен салт-дәстүрді, қазақи болғанды жақсы көремін. Өзім Қызылорданың қызы болған соң, көбірек сол жақтың салтын ұстанғанды қалаймын. Қазіргі заманға сәйкес бұрынан бар  салтымызды әлі де болса сақтап қалғым келеді. Жастар ұмытып кетпей сақтап қалса екен. Қазір әр өңірде салт-дәстүрлерге байланысты жаңа заманға лайық әртүрлі өзгерістер бар", - дейді Гүлсара Қоңырбайқызы.

Оның айтуынша, Қарғандыда қыз ұзату кешкі он екіге дейін созылады екен. 

"Қызды ұзату түнгі сағат он екіге дейін болуы керек. Мысалы, Қызылорда жақта күндіз ұзатады. Бізде түнгі он екіде шығарып салады. Сосын бізде қалыңмал орына ата-анасына алтын және кешірім ретінде 200 - 300 мың теңге көлемінде, жағдайы жеткеніне қарап алып келеді. Содан кейін бір тойлық мал деп, қой атап жатады. Бұл қалыңмалға жатпайды, кәде ретінде жүреді", - деген Гүлсара апай келін болып түскен қызға қатаң талап қойылмайтынын айтады. 

Гүлсара Қоңырбайқызының айтуынша, қарағандылықтар келінге  қатты қысым жасамайды екен. Ерте тұру, сәлем салу деген сөз жоқ. Қарағандыға оңтүстік жақтан келген қыздар ғана осындай салтты орындайтын көрінеді. 

"Одан кейін қонақжайлық салтымызда да ерекшеліктер бар. Көп жерде қонақ келгенде шай беріп жатса, бізде бірден үлкен дәм ет тартылады. Одан бөлек етті молынан салып, сол үшін ірі қара сойылады. Етті әдімелеп тураудың өз адамдары болады және табаққа салынған еттің ауыр болғаны сонша оны ер адамдар алып барады", - дейді ол.

Құдалық өткен соң, екі жақ "Құдай табаққа" шақырады екен. Бұл тек құдалар бір-бірімен жақын танысуы үшін жасалатын дәстүр. Одан кейін күйеу бала алғаш қайын жұртына келгенде қалта тексеріп, аяқ киімін тығып қоятын салттың жоғын айтты. 

"Жаназа шығару кезінде қайтыс болған үйге дауыс шығарып келу деген жоқ. Үйде әйелдер дауыс шығарып отырады. Біздің өңірде кісі қайтқанда артынан жоқтау айытылады. Адам қайтқаннан кейін жақын туыстары жоқтау дайындап үлгереді. Жаназа шығарылатын кезде жоқтап дауыстап отырады. Ең бірінші ер азаматтары далада тұрады. Оларға келген адамдар көріседі. Ішке кіргенде әйелдер дауыстап көріседі. Адам қайтқаннан кейін мешітпен сөйлесіп шығаратын күнді білгілеп, сол мешіттен денені шығарады. Мешіт ішінде арнайы салқындататын, денені бұзылып кетуден сақтайтын орын бар. Сол жерде жуындырып, аққа орап шығарады. Дәм берілмейді. Бүкіл рәсім мешітте жасалады", - дейді Гүлсара Қоңырбайқызы. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

 

Талқылау