Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақысы төленген турға бара алмаған 100-ден астам қазақстандық ақшасын қайтара алмай жүр

туристік компания жәбірленуші
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандықтар жауапсыз туристік компанияның құрбаны болды. Олар танымал шетелдік курорттарға жолдама алу үшін қомақты қаржы төлеген, алайда сол күйі тиісті демалыстарына жете алмаған. Кейбірі шетелге ұшып барғанымен, түрлі күрделі мәселелерге тап болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жәбірленушілердің айтуынша, туристік компанияны әлеуметтік желілер арқылы тапқан. Жарқ-жұрқ еткен жарнамалар мен көптеген оң пікірлерді көрген олар компанияға сеніп қалған. Алайда шетелге ұшардан бірер күн бұрын турдың тоқтатылғаны туралы хабарлама алған. Ал оған төленген қаражат әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Қазір зардап шеккендер компания басшылығын жауапқа тартуды талап етіп отыр.

“50% алдын ала төлем жібердім. Маврикий мен Үндістанға. Менің турым 4-10 мамыр аралығына жоспарланған еді. 2 наурыз 2026 жылы тур үшін 400 мың теңге алдын ала төледім. Соңғы 3-4 күн қалғанда да чат ашылмады, кейін келесі күні “кешіріңіздер, сіздің чатыңыз жоғалып кетті, таба алмадық, туристер жетпегендіктен турыңыз тоқтатылды” деді. Мен “ақшамды қайтарыңыздар” дедім. Содан кейін ешқандай жауап болмады”, – дейді жәбірленуші Гаухар Маратқызы.

Шетелдік курорттарға барғанымен де түрлі қиындыққа тап болғандар бар. Олардың айтуынша, қайту билеті болмай, үйге өз бетімен қайтуға мәжбүр болған.

"Ұшуға 3 сағат қалғанда Құлжа қаласына ұшатын рейс алдында бізді тур барысында бірге алып жүрген жетекші 14 туристтің ішінен тек 5 адамға ғана билет сатып алынғанын айтты. Мен 2 баламмен болдым, арасында ересек адамдар мен зейнеткерлер де бар еді. Яғни, бізді бөтен елде, тілді білмей, түнгі 3-те Чэнду қаласында тастап кетті", – дейді Ақниет Нұрмұхамедова.

Жәбірленушілердің айтуынша, бүкіл ел бойынша алаяқтықтың құрбаны болғандар саны 100-ден асады. Жалпы шығын шамамен 60 миллион теңгені құраған. Қазір алданған туристер полицияға жаппай арыз түсіріп жатыр. Құқық қорғау органдары "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

"Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша тіркелген. Барлық жәбірленушілер, арыз жазғандардың бәрі қабылданды, тіркелді, қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр”, – деді Ақтөбе қаласы Полиция департаменті №1 бөлім бастығының орынбасары Дәурен Ерболатұлы.

Жағдайға туристік компания басшысы да пікір білдірді. Оның айтуынша, мәселе оның бақылауында және қазіргі уақытта ол тоқтатылған турлар бойынша қаражатты қайтаруды бастаған.

"Қазір біз барлық клиенттерге ақшаны қайтарып жатырмыз. Кейбіріне 50%, кейбіріне толық сомасы қайтарылды. 10 маусымға дейін барлық берешекті толық өтейміз деп үміттенемін. Қазірдің өзінде шамамен 10 миллион теңгені қайтарды”, – дейді туристік фирманың директоры Еркебұлан Аймұратұлы.

Шетелде қалып қойған туристерге қатысты жағдайды турфирма бағдарламалық жүйедегі техникалық ақаумен түсіндірді. Ал зардап шеккендер компания басшысын жауапқа тартуды және фирманың қызметін тоқтатуды талап етіп отыр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 09:45