Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар өтпеген ағылшын тілі курстары үшін 400 мың теңге төлеген

ағылшын тілі
Фото: Видеодан скриншот

Алматы тұрғындары ағылшын тілін үйренбек болып, алаяқтарға алданып қалды. Екі жүз адам шет тілі курстары үшін онлайн мектепке ақы төледі. Бірақ бір айдан кейін сабақтар кенеттен тоқтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сөздерінше, түрлі себепті сылтауратып, сабақты кейінге қалдыра берген.

"Әртүрлі себептер болды. Біресе мұғалім ауырып қалады, біресе жалақы алмағандықтан, енді сабақ бермейтінін айтады. Сондықтан біз басшылыққа хат жаздық. Олар "Шамалы шыдаңыздар, төрт-бес күн деді. Содан мамыр айына дейін жалғасты. Енді мүлдем сабақ жоқ", – деді Сәуле Құсбекова.

Ата-аналар онлайн курстар туралы әлеуметтік желідегі жарнамадан білді. Танымал блогерлер сабақтарға жазылуды ұсынды. Ересектер қызығушылық танытып, алты айлық оқу үшін 400 000 теңгеге дейін төледі.

Көпшілігі курсты несие мен бөліп төлеу арқылы алды.

Ал білім беру орталығының өкілдері мүлдем байланысын тоқтатты. Содан кейін алматылықтар полицияға арыз жазды. Олар істі "Алаяқтық" бабы бойынша тергеп жатқанын айтты.

"Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі “Алаяқтық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық арыз қабылданды. Бұл азаматтар қылмыстық іс бойынша ресми түрде жәбірленуші ретінде танылды", – деді Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 08:07