Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмір менсіз өтіп жатыр ма?" Мейіржан Төребаев түрмедегі күндерін еске алды

Мейіржан Төлебаев
Фото: Видеодан скриншот

Жақында абақтыдан шыққан вайнер, блогер Мейіржан Төребаев “Отец” подкастына берген сұхбатында түрмедегі күндері, отбасына деген сағынышы және бостандыққа шыққаннан кейінгі ішкі күйі туралы әңгімеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мейіржанның айтуынша, жұбайы Дана оны барлық жағынан қолдап, бостандыққа шығатынын үнемі есіне салып отырған. Әр келген сайын күлімдеп кіріп, қолына кітаптар алып келетінін де айтты.

“Түрме терезесінен далаға қараймын. Төрт қабырғаның ішінде жалғыз өзіңсің. Сыртта әдемі аспан, жаңбыр жауып жатыр. Сол кезде “Өмір менсіз өтіп жатыр ма?” деп терең ойға батасың”, – деді ол.

Жұбайы балаларын түрмеге мүлде апармаған. Себебі бұл ауыр кезеңді олардың көрмегені дұрыс деп шешкен. Балалары әкелеріне хат жазып, аналары арқылы жолдап отырған.

“Дана әр келгенінде балаларымның хаттары мен құттықтауларын алып келетін. Олардың бәрін түрмедегі қабырғаға жабыстырып қоятынмын. Сол арқылы үйдің жылуы, отбасының атмосферасы жанымда тұрғандай сезілетін. Балаларға жағдайды ашып айтпасақ та, олар әлеуметтік желіден бәрін көретін. Әр хатын оқыған сайын өзімді кінәлі сезінетінмін”, – деді вайнер.

Ол түрме өмірі өзіне көп нәрсе үйреткенін жасырмады. Бұрын мән бермеген қарапайым нәрселер қазір ол үшін ерекше қымбат. Бұл жағдай арқылы жұбайын да басқа қырынан танығанын айтты.

“Әйеліме қарап, қандай батыл, ақылды едің деп таңғалатынмын. Өзінің жобасын жүргізіп жүріп, маған келуге уақыт табатын. Балалардың тәрбиесімен де өзі айналысты. Анамның сынып кетпеуіне де себепкер болған – әйелім. Шынымды айтсам, жар таңдауда лотерея ұттым деп ойлаймын”, – деді ол.

Мейіржан түрмеге әкелінген кітаптардың ішінде отбасылық құндылықтар туралы еңбектерден көп ой түйгенін айтты. Оның сөзінше, кейде адам жақындарының туған күнін, маңызды сәттерін, балаларының өсуін алыстан ғана бақылауға мәжбүр болғанда, әр сәттің қадірін терең түсінген. Сондықтан басынан өткен жағдайға өкінбейтінін де жасырмады.

“Түрмеден кейін үйге келгенде тыныштықтан гөрі уайым көп болды. Өз төсегімде бір сағат та жайбарақат жата алмадым. Біреу қоңырау шалатындай немесе үйге келіп, қайта алып кететіндей сезім болды”, – деді Мейіржан.

Блогер балалары онымен ашық сөйлесетінін, олардың сұрақтарына кейде әзілмен жауап берсе де, ешқашан ұрыспауға тырысатынын жеткізді.

“Бала үшін ең жақсы сыйлық – онымен бірге уақыт өткізу”, – деді ол.

Сондай-ақ Мейіржан елдің өзі туралы не ойлайтынына көп бас қатырмайтынын айтты. Оның сөзінше, адам үшін ең маңыздысы – отбасы мен жақындарының қолдауы.

Айта кетейік, бұған дейін Мейіржан Төребаев үйіне оралып, отбасымен түскен суреттерін желіде жариялағаны хабарланған еді.

Еске салайық, 2023 жылғы 23 маусымдағы сот үкімімен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрып, басқарғаны үшін кінәлі деп танылған. Олардың әрқайсысы бес жылға сотталған. Алайда 2025 жылғы 3 шілдеде Мейірхан Шерниязов бостандыққа шықты, ал Мейіржан Төребаев жазасын өтеуді жалғастырған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 10:25