Ақтөбеде әкімдік ғимаратынан шыққан өрттің алдын ала себебі айтылды

Фото: Видеодан скрин
Ақтөбе облысы әкімдігінде болған алапат өрттің алдын ала себебі белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік мекемеден шыққан тілсіз жау 300 шарты метрге тараған. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, шатырда жанғыш материалдар көп болған. Атап айтқанда, ағаш торкөздер жатқан. Өрттің тез таралуына да сол себеп болуы мүмкін.
“Электр сымдарының қысқа тұйықталуы өрттің алдын ала себебі ретінде қарастырылды. Қазір оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр", – деді Ақтөбе облыстық департамент бастығының орынбасары Евгений Овчарский.
Облыс әкімдігі ғимаратының шатыры соңғы рет 2024 жылы жөндеуден өткен.
Болған жағдайда қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Мамандардың көп бөлігі өз жұмыс орындарына оралады": Ақтөбе әкімі ғимараттағы өртке қатысты мәлімдеме жасады
ОқыңызӘкімдік қызметкерлері қалай жұмыс істейді?
Ғимаратта 1000-нан астам адам жұмыс істейді. Оқиғадан кейін әкімдік қызметкерлері қашықтан жұмыс режиміне ауыстырылды.
Бірақ шенеуніктердің айтуынша, түстен кейін мемлекеттік қызметкерлер жұмыс орындарына қайта оралып, қалыпты режимде жұмысын жалғастыруға тиіс.
Ақтөбе облысы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Алибек Байнешовтің сөзінше, өртті сөндіру кезінде көп мөлшерде су шашқандықтан 6-қабаттағы бірнеше кабинет зақымданған.
“Құжаттар зақымданбаған. 5-қабатта да кейбір кабинеттер ішінара зақымданды. Бірақ жұмыс істеуге барлық жағдай бар. Түсткен кейін қызметкерлер жұмыс орындарына оралады”, — деді Алибек Байнешов.
Еске салайық, Ақтөбеде 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенген еді. Өрт толық сөндірілді. Төтенше жағдай кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Алғашқы бөлімшелер келген кезде ашық жану анықталған. Өрттің аумағы нақтыланып жатыр.