Ақмола облысында спорт өңірдің дамуына серпін беруде

Бүгін Көкшетау қаласында спортты дамыту идеясын біріктірген екі маңызды оқиға өтті. Облыс орталығында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиаданың салтанатты ашылуы өтсе, кешкі уақытта "Жаңа жағалау" аумағында заманауи скейт-парк пайдалануға берілді.

Республикалық спартакиаданы өткізу құқығының алғаш рет Ақмола облысына берілуі – кездейсоқ шешім емес. Соңғы жылдары өңір спорт саласының материалдық-техникалық базасын едәуір нығайтты. Бүгінде облыста 343 мыңнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл үшін өңірде 1,2 мыңға жуық спорт нысаны жұмыс істейді. Тек соңғы үш жылдың өзінде 50-ден астам жаңа спорт нысаны салынса, тағы 30-ға жуық нысанның құрылысы жүргізілуде.

Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде Ақмола облысы бүгінде ең жоғары деңгейдегі спорттық жарыстарды қабылдай алатын өңірге айналды. Республикалық спартакиаданың салтанатты ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешенінде өтті. Оның құрылысына Үкімет тарапынан 12,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда бұл кешен еліміздегі ең ірі спорт нысандарының бірі саналады және халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Мұнда Қазақстанның барлық өңірінен келген мемлекеттік қызметшілер командалары жиналды. Бір апта бойы қатысушылар футзал, волейбол, жүзу, шахмат, киберспорт және басқа да он спорт түрінен үздіктерді анықтайды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл жарыстың өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
"Ақмола облысы үшін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиаданы алғаш рет қабылдау – үлкен мәртебе. Бұл – өңіріміз үшін тарихи оқиға әрі спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың жоғары бағасы. Соңғы жылдары біз 50-ден астам спорт нысанын салдық. Алдағы уақытта да спортпен айналысуға және ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз", – деді Марат Ахметжанов.
Егер бүгін Kokshe Arena үлкен спорттың орталығына айналса, "Жаңа жағалау" көпшілік спорттың жаңа кеңістігіне айналып келеді. Аз уақыт ішінде Көкшетау тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған жағалау жаңа мүмкіндіктермен толығуда.

Соның жарқын мысалы – заманауи скейт-парктің ашылуы. Жаңа алаң скейтбордингпен, BMX спортымен, самокатпен және роликпен сырғанауға толық бейімделген. Ашылу рәсімінен кейін мұнда Street Ride Contest жарысы өтіп, кәсіби райдерлер көрермендерге әсерлі көрсетілімдерін ұсынды.
"Бүгін бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Бәсеке өте жоғары болды, сондықтан бұл жеңіс мен үшін ерекше маңызды. Көкшетауда осындай заманауи скейт-парктің ашылғаны қуантады. Бұл жер жаңа буын райдерлерінің қалыптасатын әрі көптеген қызықты жарыстар өтетін орталыққа айналады деп сенемін", – деді Street Ride Contest жарысының жеңімпазы Евгений Франткевич.
Мерекелік бағдарлама JANA JAGALAU FEST жастар фестивалімен жалғасты. "Жаңа жағалау" сахнасында қазақстандық танымал орындаушылар BAKR мен BayanSulu өнер көрсетті. Сонымен қатар қонақтар үшін интерактивті алаңдар, фотозоналар және белсенді демалыс аймақтары ұйымдастырылды.

Бүгінде Ақмола облысында спортты дамыту тек жекелеген спорт нысандарын салумен шектелмейді. Өңір бір мезгілде республикалық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге жағдай жасап, тұрғындардың барлығына қолжетімді заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруда. Осындай кешенді көзқарас спорт саласының дамуына серпін беріп қана қоймай, қалалардың өмір сүруге қолайлы әрі жайлы болуына да ықпал етуде.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме