Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ер адамдар ұл балалардың жыныс мүшесін сұрап, иіскейді": Этнограф қазақ жоралғысын сынаған блогердің сөзіне жауап берді

Қоғамда қазақтың кейбір жөн-жоралғыларына байланысты екіұдай пікір туындап жүр. Әлеуметтік желіде блогер Динара Канзлер "әпшу берші" дәстүрін ескінің қалдығы және педофилияға тән нәрсе деп сынады. Бұны уролог-андролог дәрігер Әштай Нұрдәулет ұл баланы сүндеттеуге дайындау барысы десе, этнограф Болат Бопайұлы мұндай жоралғының дұрыс астары барын айтады. 

Фото: wikipedia

Әлеуметтік желіде блогер, журналист қазақтың кейбір дәстүріне таңғалып қарайтынын айтты. Динара Канзлердің пікірінше, "қазақтың кішкентай ұл балаға "әпшу берші" деуі педофилия екен.

"Қысқасы, достар, мен кейде біздің дәстүрлеріміз туралы естігенде жағамды ұстаймын. Кейбіреуі мына видеоны көріп, есінен ауысты дейтін шығар. Жеке өз басым солай ойлар едім. Нақты қандай мәселе? Айтайын. Кеше Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбындағы вебинарды тыңдадым. Жалпы онда ел естімеген көп қызық дүниелер талқыланды. Соның ішінде бір нәрсе назарымды қатты аударды. Әрине, қазақ халқының дәстүрлері сонау арғы заманнан бері қолданылып келе жатыр. Бүгінде мұндай дәстүрлердің көбінде гендерлік зорлық-зомбылықтың иісі шығып тұрғанын айта кеткен жөн. Солардың бірінде ересек ер адамдар кішкентай ұл балалардың жыныс мүшесін сұрап, оны иіскейді. Иә, шынтуайтында бізде мұндай дәстүр бар, тіпті оның атауы мен мағынасы да бар", – деді Динара Канзлер.

Блогердің сөзінше, халқымыз егер ұл балалар ер адамға жыныс мүшесін ұстауға немесе иіскеуге бергенде батыр, ержүрек болып өседі деп санайды. Сонымен қатар қазір бұл дәстүрдің қоғамда қажет емес екенін және танымымыз қабылдай алмайтынын баса айтты. 

"Мұны қалыпты жағдай деп түсіну өте қате. Айтпақшы, вебинарға қатысқан көптеген жігіт балалық шағында осындай сәттер оларға ыңғайсыздық тудырғанын және жағымсыз болғанын еске алды. Ал кейбіреуі мұндай эпизодтар олардың психикасына әсер етіп, жарақаттағанын айтады", – деді блогер.

Бұдан бөлек журналист вебинарда "мұндай оғаш күмәнді дәстүрлер қажет пе?" деген сұрақ қойылғанын айтты.

"Бүгінгі заманауи қоғамда бұл дәстүрден арылуды және кейінге қалдыруды дұрыс деп есептеймін", – деді Динара Канзлер.

Ал белгілі этнограф Болат Бопайұлы "әпшу берші" дәстүрінде баланың жыныс мүшесін иіскемейтінін, тек қолмен ұстап көретін айтты. Ол ескінің қалдығы, тіпті педофилия деп есептеп жүрген блогерге қарсы пікір білдірді.

"Әпшу берші – қазақ халқының бағзы заманнан отбасындағы 1 жастан 5 жас аралығындағы ұл баланы тәрбиелеу дәстүрі. Бұл – ұл балалар үшін ең сыпайы қолданған сөз. Ұл баланы еркелету арқылы оның ер бала екенін, қыз баладан бөлек жаралғанын түсіндіреді, өзін тануға баулиды. Бұл сөзді қолдануда бір ғана мақсат бар. Ол – ұл баланы сүндеттеуге дайындау”, – деді этнограф.

Болат Бопайұлы мұндай жоралғаның ұл баланы жігерлі, ажарлы, батыр, тайсалмас, азамат болуға жебеу екенін тілге тиек етті.

"Мұны тазалыққа тәрбиелеу деп түсіну керек. Сүндетке отырғанға дейін “әпшуінің” артық тері арасында қалып қойған кіші дәрет тамшысын сыртқа шығартып тастауға әрекет жасау үйретіледі. Ұл баланы 3, 5 және 7 жасында сүндетке отырғызады. Бұл сөз соған дейін ғана қолданады. Одан ары қарай қолданылмайды. Қазіргі тойда кейбіреулердің "әпшуіңді бер" деп жүруі дұрыс емес. Ол – қазақ дәстүріне қайшы әрекет. Дәстүрді сыйламау – ұлтты, халықты сыйламау деген сөз. Әдепті сөзді орнымен қолдана білмеген азаматтар мен азаматшаларымыздың ары мен ақылына, иманы мен ибасына, әдебі мен мәдениетіне ауыр сын", – деді Болат Бопайұлы.

Фото Болат Бопайұлының жеке архивінен

Сондай-ақ уролог-андролог дәрігер Әштай Нұрдәулет те бұны ұл балалар сүндеттелгенге дейін жасалуы керек салт-дәстүрлердің бірі деп отыр.

"Фимоз – ұл балада жыныс мүшесінің басы толық ашылмайтын, мүше тесігінің тарылуымен жүретін ауру. Әсіресе 2-5 жастағы балаларда жиі кездеседі. Мүше терісі қалыңдап, басын түгелдей жауып қалады. Қазіргі кезде екінің бірінде фимоз бар. Өзім балаларды сүндетке отырғызып жүргеннен кейін, көріп те жүрмін. Бір қызығы кішкентайларда ғана емес ересектерде де бар", – деді уролог дәрігер.

Сонымен қатар ол ата-аналардың мұндай ауру болмайтыны туралы жиі шағымданып келетінін айтты.

"Бұрынғы кезде бұндай ауру болмады ғой деп айтатын ата-аналар кездеседі. Иә болмады. Неге? Себебі (ұлы сөзде ұяттық жоқ дейді) аталарымыз "әпшу берші" деп сұрайтын. Бала соны беру арқылы өзінің мүшесінің жабылып қалмауының алдын алған. Осының бәрін айтып кеткен бабаларымыз дана болған ғой. Қазір олай көп адам жасай бермейді. Сүндетке отырғызғанда фимозы бар ұлдарда жазылуы да қиын жүреді. Сондықтан баланы тексертіп тұрған дұрыс", – деді уролог-андролог дәрігер Әштай Нұрдәулет.
@kanzler_deenara Уважаемые парни, если вас тоже травмировали такие традиции - напишите комментарий! Или вы считаете нельзя посягать на святое? #треш #трешистория #традиция #традиции #казахстан #новости #новостиказахстана ♬ оригинальный звук - kanzler_dee
Талқылау