Әнші Шаһизада төртінші рет әже атанды
Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шаһизаданың төртінші немересі дүниеге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің Олжас есімді жалғыз ұлы бар. Сүйінші жаңалығын өнер иесі “Дастархан” бағдарламасында өзі айтты.
“Төртінші рет әже атанып, қуанып жатырмын. Әмір деп атын қойдым. “Дастархан” бағдарламасының жайған дастарханын көріп, бесік тойымды ойлап отырмын. Бұйырса алда үлкен тойымыз бар”, – қуанышты жаңалығын бөлісті әртіс.
Өнердегі әріптестері Шаһизаданың әже атанғанына сенбей жатыр. “Тұрмысқа шықпаған қыз сияқты”, “Жап-жас күйі сақталған” деп жарыса мақтап жатыр.
Сондай-ақ әнші бағдарлама барысында алғаш сахнаға шыққан кезін де еске алды.
“1984 жылы алғаш рет сахнаға шықтым. Келесі жылы 40 жыл толады. Шымкент қаласында “Жігер” конкурсына қатысып, лауреат атандым. Патриоттық әндер байқауы болатын. Роза Рымбаева апайымыздың “Әлия” әнін орындадым. Менің әнші болып қалыптасуыма ауылда туып-өскенім себеп болды. Анамыз бізді еңбекке ерте жастан бастап баулыды. Киіз басып, кілем тоқыдық. Арықтан су тарттық. Сол кезде жұмыс істеп жүріп, ән салып жүретінмін. Менің даусым солай ашылған”, – деп еске алады жас күнін әнші.
Еске салайық, өнер иесі жаңа жылдық образын көрсетіп сынға қалғанын жазған болатынбыз.